Алматыда қолма-қол ақшамен жол ақысын төлеу желтоқсаннан бастап жойылуы мүмкін

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қолма-қол ақшамен жол ақысын төлеу желтоқсаннан бастап жойылуы мүмкін. Енді қоғамдық көлікте жолаушылар «Оңай» картасы арқылы есептесетін болады. Бүгіннен бастап қаланың муниципалды паркіндегі қоғамдық көліктерде электронды билеттендіру жүйесі енгізілді.

Бүгін қала әкімінің орынбасары Юрий Ильин жаңа төлем жүйесін сынақтан өткізіп көрді.

«ҚР Мемлекет басшысының тапсыруымен жаңа жүйені толығымен енгізу 1 қаңтарға белгіленген болатын. Алайда, егер әлеуметтік жеңілдігі бар категорияны түгел қамтып болсақ, қолма-қол ақшамен есептесуді биылғы жылдың желтоқсанынан бастайтын боламыз. Жол ақысын төлемеген азаматтар құқық қорғау органдарына тапсырылып, әкімшілік жазаға тартылатын болады. Қазір терминалдарды барлық орындарда орналастыру жұмыстары жүріп жатыр. 1 ай көлемінде аяқталатын болады», - деді Ю.Ильин.

Оның айтуынша, жаңа жүйені орнатуға келіспей отырған жеке тасымалдаушы кәсіпорындар енді нарықтан кететін болады.

Бұл туралы қаладан 50 шақырым қашықтықты қамтитын аймаққа қызмет көрсететін барлық компанияларға ескертілді.

Жаңа келісімге отыру барысында ендігі кезекте қала арасында жолаушы тасымалдаушыларға көліктің пайдалану мерзімі 10 жылдан аспауы турлы талап қойылатын болады.

Айта кету керек, «Оңай» арнайы картасының кепілдік құны 320 теңге. Егер жолаушы оны пайдаланбаған жағдайда қаржысы қайтарылады. Балансында 80 теңге болады.

Арнайы жеңілдіктерге ие мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер, мүгедек жандар бұл картаны тегін алады.

Картаға ақша салу үшін қалада 7535 терминал орналасатын болады. Комиссия төлемі төленбейді.

«Алматы көлік холдингі» компаниясы бас директорының орынбасары Александр Смирновтың айтуынша, сатылым басталған соң 3 сағаттың ішінде 870 карта сатылған.

«Егер, бұл карта жоғалған жағдайда егер әлеуметтік жеңілдігі бар карта болса, блокқа түсіріп қоюға болады. Ал жай карта бойынша оны белгілі бір тұлғаның атына жаздыруға мүмкіндік беретін сервис енгізетін боламыз. Өз атыңызға тіркелген соң сол сервиске қоңырау шалып, кілтсөз бен карта нөмірін айтып, блокқа түсіре аласыз. Сондай-ақ, картадағы ақшаңызды да жаңасына ауыстыра аласыз», - деді Александр Смирнов.

Əзірге жаңа жоба пилоттық мақсатта жүзеге асады. Жүйе толығымен 1 қаңтардан іске қосылады.

Жоба құны 12 млн. АҚШ долларын құрап отыр.

Соңғы жаңалықтар