Алматыда көліктен шығатын зиянды заттардың көлемі 10 мың тоннаға азайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда көліктерден шығатын шығарынды көлемі 10 мың тоннаға азайды. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаев «Алматы» теларнасындағы Akimat LIVE бағдарламасының тікелей эфирінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімнің айтуынша, өткен жылы шығарынды азайды - 122 мың тонна, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3 тоннаға аз. Автокөліктен шығатын шығарындылар 10 мың тоннаға төмендеді. Ал стационарлық көздерден шығатындар керісінше 7 мың тоннаға өсті.

«Қаладағы жеке тұрғын үйлерді газға көшіру жалғасуда. Алматының үйлерінің 99%-ы қазірдің өзінде газға қосылған. Әкімдік мұқтаж отбасыларды қолдау бағдарламасын іске асыруда. 2020 жылы 92 үй газға тегін қосылды»,- дейді әкім.

Сонымен қатар, ол дизельмен және бензинмен жүретін қоғамдық көлікті сатып алуға тыйым салу оң ықпал еткенін тілге тиек етті. Қолданыстағы барлық келісімшарттар тек газбен жүретін автобустарды жеткізуге бағытталған.

«Қоғамдық көлік жүйесінде 2441 автобус жұмыс істейді, оның ішінде 1715 автобус (75%) дизельді отынмен жүреді. 2020 жылы газбен жүретін 150 автобус сатып алынды. 2021 жылы газ бен электр энергиясын пайдаланатын 500-ге жуық қоғамдық көлік құралдарын сатып алу жоспарлануда»,- деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Шаһар басшысы қалаға кіре берісте көліктерді тоқтататын тұрақ желісі құрылғанын айтты.

«Биыл қалаға кіре беріс жерлерге 19 экологиялық пост орнату жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 9 экопост ашылды, қалған 10 пост ағымдағы жылдың күзіне дейін кезең-кезеңімен орнатылады. Екі айлық тексерулер қалаларға кіретін көліктердің 11%-ы мен 12,6%-ы экологиялық нормаларға сәйкес келмейтінін көрсетті. Көктемде қалада жүретін жүк көліктері өлшенді. Олардан шығатын залалды заттардың 29%-ы нормаға сәйкес келмейді»,- дейді ол.

Әкімнің айтуынша, өмір сүруге жайлы қаланы қалыптастыру үшін Алматыда жел режимін зерттеу басталды. Зерттеу нәтижелері бойынша жан-жақты жоспарлау және басқа да архитектуралық-қала құрылысы шешімдерінің жоспары әзірленеді.

«Бұл жұмыс математикалық есептеулер және нақтылы деректер арқылы бүкіл қала бойынша, әкімшілік аудандар мен нысандардың ауа ағындарына талдау жасайды. Сондай-ақ, бұл қала маңындағы желдің екпініне және оның қаланың ауа сапасына әсерін бағалайды», - деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Алматыда қала тұрғындарын мегаполистің әртүрлі бөліктеріндегі ауа сапасы туралы хабардар ететін жоба жүзеге асты.

Ақпарат қаланың 49 LED-экранындағы 41 датчиктен, сондай-ақ «Алматы» телеарнасынан алынады. Деректер күніне үш рет жаңартылады.

Әкім биыл ауаны бақылайтын қосымша 60 датчикті орнату жоспарланғанын мәлім етті. Барлық деректер ақпаратты жинауға, талдауға және өңдеуге арналған ГАЖ жүйесінде көрсетіледі. Осылайша, қоршаған орта сапасының ықтимал болжамы үшін мәліметтер базасы құрылады

«Бұдан өзге, AirVision қоғамдық қорымен және бастамашыл азаматтармен бірге ауаның ластануының онлайн-картасын қамтитын веб-портал және мобильді қосымша әзірленуде. AQI индексі ғаламдық желідегі ауаның жағдайын салыстыру үшін ғаламдық әдістеме бойынша есептелетін болады»,- деді қала басшысы.


Соңғы жаңалықтар