Алматыда көлік нөмірі мен адамның бет-әлпетін анық көрсететін камералар орнатылады

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімдігі меншік иелерінің келісімімен адам көп жиналатын орындарға бейнекамералар орнату және бейнебақылау мониторингін жүргізу ережелерін әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ашық НҚА сайтындағы құжатта көрсетілгендей, жоба видеосараптама жұмысын жетілдіруді көздейді. Енді көліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері мен адамдардың бет-әлпетін анық көру мүмкін болмақ.

Бірыңғай видеомониторинг жүйесіне адам көп шоғырланатын әртүрлі объектілерде орнатылатын, сонымен бірге меншік иелерінің келісімімен коммерциялық ұйымдардың қолданысындағы бейнебақылау жүйелерін біріктіру қарастырылады.

«Алматы қаласының бірыңғай видеомониторинг жүйесі – қала бойынша бейнекескіндерді жинау, өңдеу мен сақтауды жүзеге асыратын бағдарламалық және техникалық құралдардың жиынтығы. Ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі видеомониторинг ұлттық жүйесінің өңірлік бөлігі. Ол қала мәселелерін шешуде видеосараптама қалыптастыру функцияларын атқарады», - делінген құжатта.

Құжат ашық НҚА веб-сайтында 19 тамызға дейін талқыланады.



Соңғы жаңалықтар