Алматыда көлік қозғалысын «ақылды» бағдаршамдар бақылайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов Қоғамдық кеңестің отырысында мегаполисте бағдаршамдар саны көбейетінін айтты,деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, 30 жылда алғаш рет жол қозғалысын автоматтандырылған басқару жүйесі бақылайтын болады. Алматы бағдаршамдар кешенін қайта жаңғырту басталды.

«90 бағдаршамға жарықдиодты шам орнатылады. Ол автоматты түрде көліктерді онлайн режиміне бағыттайды, көлік кептелісі бар көшелерді көріп, жүргізушілерге көлік аз көшелерді көрсетеді. Біз еліміз бойынша бірінші болып осы жаңашылдыққа қол жеткіземіз. Датчиктер бағдаршамдардың әр жарық сигналына орнатылады. Сол арқылы қозғалыс ағынын бақылайды. Биыл біз 27 бағдаршам орнатуды жоспарлаған болатынбыз. Қазір соның 20-сы орнатылды. Қыркүйек айында толықтай жаңа форматқа көшуді аяқтаймыз, осылайша мүмкіндігі шектеулі адамдарға да жағдай жасаймыз. Келесі жылы тағы 24 жоба жүзеге асырылады. Алдағы бір жарым жылда 50 бағдаршам орнату көзделген», - дейді әкім орынбасары.

Алматыда бағдаршам орнату жұмыстары жалғаса бермек.

«Әкім 100 бағдаршамның жобасын дайындауға тапсырма берді. Соңғы 10 жылда қала екі есе өсті, бірақ бағдаршамдар сол деңгейде қалды. Бізге 200 бағдаршам қажет. «Шетсіз қала» жобасы аясында тағы 200 бағдаршамды орталықтағыдай қала сыртындағы көшелерге қою керек. Жобалауға жарты жыл уақыт кетеді, келесі жылы жүзеге асырамыз»,- дейді Ерлан Әукенов.

Соңғы жаңалықтар