Алматыда қоқыс жәшігінен тастанды бала табылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда кеше зейнеткер Кәмила Мұсабекова қоқыс жәшігінен тастанды бала тауып алды. Зейнеткер үсті-басы қанға боялған баланы үйге әкеліп, дәрігер шақыртқан. Қазір сәби қалалық балалар инфекциялық ауруханасында емделіп жатыр.

«Бала сәл суықтаған. Бір тәулік жансақтау бөлімінде жатты. Алайда, қазір денсаулығы жақсы. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ»,- деді қалалық балалар инфекциялық ауруханасында.

Зейнеткер Кәмила Мұсабекова баланы асырап алуға ынталы екендігін жеткізіп отыр.

«Алайда, маған ол үшін 3 ай бала асырап алу органдарының рұқсатын күту қажет», - деді кейуана. Аурухана қызметкерлерінің айтуынша, ол баланы ешкім іздеп келмеген. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері тастанды баланы асырап алу процесі ұзаққа созылатынын айтты. «Балаға әзірге ешқандай құжат жасалмаған. Қазір құқық қорғау органдарымен баланың өміріне қасақана қауіп төндіргені үшін қылмыстық іс қозғалып, баланың биологиялық анасы іздестіріліп жатыр. Сосын баланың нақты деректері, туған күні, аты-жөні анықталады. Сосын деректер Алматыдағы бала асырап алу органы - қалалық білім басқармасына беріледі. Мұның бәрі ұзақ уақыт алады», - деді Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының бас педиатры Рая Құрамысова.

Соңғы жаңалықтар