Алматыда көктайғақ болуы ықтимал

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бүгін түнде тұман мен көктайғақ болуы ықтимал. Жақын арадағы 3 күнге ауа райы болжамын ҚазАқпарат тілшісіне «Қазгидромет» РМК Алматы бөлімшесінің кезекші синоптигі Тумакина Ирина айтып берді.

«Алматы облысындағы оңтүстік-батыс ағым солтүстік-батысқа ауысты. Ауданға суық атмосфералық фронт келген соң, ауа райы күрт төмендеп кетті. Әсіресе, Алматыдағы ауа температурасы күрт суып, жауынның арты қарға ұласты. Түнде ауа температурасы 0, -3 градусқа дейін төмендеді», - деді ол.

Маманның айтуынша, ертеңнен бастап суық ағым әкелген бұлт жүйесі Қазақстан аумағынан көше бастайды. Сондықтан, ауа райы жылына бастайды.

«Жақын түндері қар түсуі мүмкін, бірақ өте аз болады. Түнде 1, -6 градус аяз болса, күндіз 2, 7 градус жылы болады. Бірақ, кей аудандарда тұман мен көктайғақ сақталуы әбден мүмкін. Қараша айында күннің құбылуы өте тез», - деді ол.

Оның айтуынша, сәрсенбі күні де осы ауа температурасы сақталады. Бірақ жауын-шашын болжанып отырған жоқ.

Бейсенбі күні температуралық фон жылы болғандықтан, қар емес жауын жаууы ықтимал. Ауа температурасы 2, 7 градус жылы болады.

Айта кету керек, бүгін Алматыда алғашқы қар түсті. Қаланың таулы аймақтарында қардың биіктігі 25 см-ге жетсе, ылдидағы аудандарында 10 см қар түсті.

Соңғы жаңалықтар