Алматыда қоғамдық көлікті субсидиялау тәртібін түбегейлі өзгерту қажет- әкімдік

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда көлік құралдары саласы жақсы дамыған, бірақ бір-бірімен үйлестірілмеген. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Асқар Амрин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Алматы жолдарында күн сайын 700 мың жеңіл көлік жүреді, оның ішінде қаланың төменгі бөлігінде жүк тиейтін транзит көліктер де бар. Басты проблема - Алматыдағы қоғамдық көліктің тиімсіздігі. Жолаушылар тасымалының негізгі үлесі автобустар мен троллейбустарға тиесілі. Бөлінген жолдардағы автобустардың орташа жылдамдығы сағатына 25 шақырым, жалпы ағында сағатына 15-17 шақырым. Бұл жолаушыларға ыңғайсыз және көп уақыт алады», - деді Асқар Амрин.

Оның айтуынша, қоғамдық көліктер техникалық себептерге байланысты күніне 300 рет бағыттан шығып қалады. Бұл - автобустардың жалпы санының 15 пайызы. Маршрут желісі жеткілікті түрде тиімді ұйымдастырылмаған. Қала маңындағы және қалалық қоғамдық көліктер арасында нақты байланыс жоқ, тасымалдауға ыңғайлы көлік тораптары қарастырылмаған. Бағыттардың шамамен 76 пайызының ұзындығы 15 шақырымнан асады. «Шешім ретінде қолданыстағы ұзақ бағыттардың қашықтығын қысқарту және магистральдық бағыттар желісін құру нұсқасы қарастырылуда. Бүгінде 155-ке жуық қалалық бағыт бар, оның 146 автобус және 9 троллейбус. Оларға күн сайын 2500 қоғамдық көлік қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар ол қоғамдық көліктегі тариф мәселесіне тоқталды. «2012 жылдан бері тариф өзгерген жоқ. Бұл автобуспен тасымалдау шығынын қалыптастырады. Осы уақытқа дейін қала бұл айырмашылықты субсидиялап келеді. 2017-2020 жылдарға арналған қалалық бюджеттен жеке тасымалдаушыларға төленген субсидия көлемі 78 миллиард теңгеге жеткен еді. Кейінгі бір жылда субсидия көлемі 56 миллиард теңге болды. Өскені көрініп тұр»,- деді қала әкімнің орынбасары. Асқар Амрин азаматтардың автобустарды ұзақ күтетініне, желідегі автобустардың тұрақтылығының төмендігіне, қызмет көрсету сапасының нашарлығына және көлік паркінің тозғанына жиі шағымданатынын тілге тиек етті.

«Тасымалдаушыларды субсидиялаудың тарифтік саясатын түбегейлі өзгерту қажет. Субсидиялар қызмет көрсету сапасын жақсарту және автобус паркін жаңарту үшін берілуі керек. 2023-2025 жылға дейін жылжымалы құрамды кезең-кезеңімен жаңартуды қамтамасыз етеміз. 1000 жаңа автобус сатып алынады. Сондай-ақ алдағы екі жылда троллейбус паркі жаңартылады»,- деп қосты Асқар Амрин.

Соңғы жаңалықтар