Алматыда қоғамдық көліктерде маска режимін бұзған мыңнан астам жолаушы анықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жарты күн ішінде қоғамдық көліктерде мыңнан астам жолаушы маска режимін бұзды. Бұл туралы Алматы қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қалада 16 бағыт бойынша жүретін 32 автобуста маска режимін бақылайтын бейнекамера орнатылған.

«Алдағы уақытта мұндай бейнебақылау камералары барлық қоғамдық көліктерде болады. Адамдардың маска тағуын қадағалайтын құрылығы автобустардың салонына орнатылады. Осылайша, маска режимін бұзған жолаушы туралы ақпарат ахуалдық орталыққа түседі, кейін автобус жүргізушісіне хабарлама келеді»,– дейді спикер.

Сонымен қатар, қалалық цифрландыру басқармасы қоғамдық көліктерде және адамдар көп шоғырланатын жерде болатын ұрлықтың алдын алу үшін ауқымды жұмыстар жүргізуде.

«Осы камералар арқылы біз күн сайын талдау жүргізіп, қалада қаншалықты тәртіп бұзушылықтар болып жатқанын көреміз. Мәселен, 20 қарашада қаладағы сауда орталықтары мен дәріханаларда 21615 бұзушылық анықталды. Жарты күнде қоғамдық көліктерде 3616 заң бұзушылық болды. Оның 1200–і маска режимін ұстамағандар»,– деп атап өтті Баян Қоңырбаев.


Соңғы жаңалықтар