Алматыда қоғамдық көліктегі жолаушылар саны 80 пайызға азайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда қоғамдық көліктегі жолаушылар саны 80 пайызға азайды. Бұл туралы Алматы қалалық Мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қалада карантиндік тәртіптің енгізілуіне байланысты барлық ұйымдардың жұмыс уақыты қысқарды. Осыған орай қоғамдық көліктердің жұмыс кестесі өзгерді. Автобустар кешкі сағат 19.00-ге дейін ғана жүреді. Бүгінгі күні жолаушылар саны 80 пайызға азайды.

«Қазір 114 қалалық маршрут бойынша 991 автобус жұмысқа шығып жүр. Бір автобуста күніне жолаушылар саны 107 адамды құрайды. Осылайша, бір рейстегі жолаушылардың орташа саны 12-13 адамнан аспайды. Бұл, жолаушылар үшін қажетті қауіпсіз қашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді»,– дейді Сағындық Телібаев.

Сонымен қатар, ол қалааралық және қала маңына қатынайтын маршруттардың жұмысы тоқтатылғанын атап өтті. Олардың жұмысы төтенше жағдай тәртібі аяқталғаннан кейін ғана қалпына келтіріледі.

«Метрополитен бойынша жолаушылар ағыны 90% төмендеді, демалыс күнгі режиммен жұмысы жалғасып жатыр. Соңғы деполарда вагондарға дезинфекция жүргізіледі», - деп қосты ол.


Соңғы жаңалықтар