Алматыда қоғамдық көлік жүргізуге құқығы жоқ ер адам автобуспен жолаушы тасыған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда көлік жүргізу куәлігінде арнаулы санаты жоқ автобус жүргізушісіне айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық полиция департаментінен хабарлағандай, Т. Рысқұлов даңғылы бойында №47 бағыттағы қоғамдық көлік тоқтатылған. Жүргізушінің куәлігінде қоғамдық көлік жүргізу категориясы жоқ екені анықталады.

«Ер адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 612-бабы 4-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды. Айыппұл сомасы - 93 мың теңге. Бір ай бұрын дәл осы жүргізушінің қоғамдық көлікті жүргізуге құқығы жоқ екені анықталып, айыппұл салған болатынбыз. Көріп тұрғанымыздай, дұрыс қорытынды шықпаған. Оның үстіне автопарк басшылығы да бұл заң бұзушылықты жою үшін ешқандай шара қолданбай, автобусты жүргізуге құқығы жоқ жүргізушіні қайтадан жолға шығарды. Бұл жолы автокәсіпорын әкімшілігі ҚР ӘҚБтК-нің 619-бабы бойынша жауапқа тартылды. Айыппұл мөлшері – 40 АЕК», - деді Әуезов аудандық полиция басқармасы әкімшілік тәжірибе бөлімінің басшысы Баукен Бәйімбетов.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Алматыда жол апаттарының алдын алу мен оның салдарын азайтуға бағытталған «Қауіпсіз жол» республикалық айлығы өтіп жатыр.

«Оның мақсаты – алдын алу жұмыстарын жандандыру және жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарының сақталуына бақылауды күшейту, тиісті қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көліктегі жазатайым оқиғаларды азайту. Жолаушылар мен жүктерді көлікпен тасымалдауды жүзеге асыру барысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылауға да ерекше назар аударылатын болады», - деп атап өтті Болатбек Баятанов.


Соңғы жаңалықтар