Алматыда «Кітапфест» фестивалінде кітаптар тегін таратылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өткен «Кітапфест-2014» фестивалі барысында келушілерге мыңдаған кітап тегін таратылды.

Шевченко көшесінің бойында Достық көшесінен Қонаев көшесіне дейінгі алаңды қамтыған ауқымды мәдени шараға белгілі қаламгерлер Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дастан Қадыржанов, Зира Наурызбаева, Павел Банников қатысты.

«Келушілерге балалар әдебиеті мен ғылыми әдебиетке дейін алуан түрлі жанрдағы Қазақстан, Ресей, шетел авторларының туындылары ұсынылды. Кітапсүйер қауым орталық кітапхана жүйесі мен кітап дүкендерінің өнімдерін 15 пайыздық жеңілдікпен сатып алды. Сондай-ақ, келушілер түрлі байқауларға қатысып, жазушылармен тілдесті. Бұл жерге мүмкіндігі шектеулі жандардың келуіне де жағдай жасалды», - деді ұйымдастырушылардың бірі, «Бауыржан» қайырымдылық қорының жоба менеджері Хадиша Мырзахмет.

Орталық кітапхана жүйесі оқырман қауымның әкелген ескі кітаптарын жаңаға ауыстырып, мыңдаған кітапты тегін таратты.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан алматылықтар мәдени шараға белсенді қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальден түскен қаржы көзі нашар көретін жандарға арналған, Брайль шрифтімен жазылған кітаптарды басып, таратуға бағытталады.

Соңғы жаңалықтар