Алматыда «Киелі Қазақстан» көпкүндік экспедициясы басталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Киелі Қазақстан» көпкүндік экспедициясы басталды. Оның мақсаты - Қазақстанда салт атпен жүру туризмін кеңінен насихаттау, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

25 тәжірибелі шабандоздан құралған топ салт атты саяхатқа арналған бағыт-бағдар құру үшін жақын аймақты зерттейді. Экспедицияның қорытындысы бойынша Алматы облысының ең көрікті жерлерін аралап, туристерге арналған маршруттар сызылып, карталар жасалады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, салт атпен серуендеу туризмі дүниежүзінде кеңінен танымал. Ал оның тарихы біздің елмен тығыз байланысты, сондақтан Қазақстан салт атты туризмнің әлемдік орталығы болуы тиіс.

«Бізде салт атты туризмді дамытуға барлық жағдай бар. Тамаша табиғат, шексіз жазық дала, биік тау - осының бәрі адамдардың балалық шағынан бастап атқа мініп серуендеу өнерін игеруге мүмкіндік берді. Атқа міну - қазақ халқының қанында бар өнер. Сондықтан, Қазақстанды ат туризмінің әлемдік орталығы ету - біздің міндет-мақсатымыз. Ол үшін он мыңдаған шақырымды зерттеп, жүздеген маршруттарды құрастыруға тура келеді», - дейді «Kazakh Tourism» ҰҚ» АҚ бас менеджері Алина Ашляева.

Атты экспедицияға қатысушылар Алматы облысының Алматы-Батан шатқалы, Ой-Қарағай трактісі - Ассы обсерваториясы - Қара-Арша шатқалы, Жіңішке өзені, Аманжол, Көлсай көлі, Қайыңды өзені мен Қайыңды көліне барады.

Экспедиция тобы күніне 16 шақырым жолды еңсереді. Уақытының көбі фото мен видео түсіруге кетеді. Экспедиция 12 күнге созылады.

«Біздің бағыт - Алматыдан Түрген шатқалына дейін. Алдымен біз алтын адам табылған Есік мұражайына барамыз. Одан кейін атпен Аюлы және Үлкен Қайрақ сарқырамаларына баруды жоспарлап отырмыз», - дейді travel-блогер Лаура Асқар.

Оның айтуынша, мұндай экспедициялар елімізде атты туризмді дамытып қана қоймай, шетелдік туристерді тартуға да ықпал етеді.

Экспедиция ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің тапсырысы бойынша және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатыр. Ұйымдастырушы - «Kazakh tourism» АҚ.

null null

Автор: Алма Мұқанова

Соңғы жаңалықтар