Алматыда кеңседен 105 миллион теңгесі бар сейф ұрланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда фирмалардың бірінің кеңсесінен 105 миллион теңгесі бар сейф ұрланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі уақытта күдіктілер анықталып, қамауға алынды.

«Қылмыс 31 тамызға қараған түні болды. Рысқұлов даңғылында орналасқан қалалық фирмалардың бірінің кеңсесінен біреулер 105 миллион теңге салынған сейфті ұрлап кеткен. Қылмысты ашу мақсатында арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Компаниялардың бейнебақылау камераларындағы деректер зерттелді. Қылмыскерлер беттерін мұқият жасырған. Бірақ, жедел іс-шара нәтижесінде күдіктілердің екеуі де анықталып, қамауға алынды. Бұл 1992 және 1993 жылы туған жергілікті тұрғындар. Бұған дейін олар мүліктік қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылған. Айғақты заттар, соның ішінде ұрланған ақшалар іс жүргізу тәртібінде иесіне қайтарылды», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Еркін Іңкәров.

Фирманың басшысы Виталий Ким полиция қызметкерлеріне осы қылмыстың жедел ашылғаны үшін ризашылығын білдірді.

«Полиция қызметкерлеріне осы қылмысты тез арада ашқаны үшін алғыс айтқым келеді. Бұл біз үшін маңызды: біз үш ағайындымыз, Ресейден құрылыс материалдарын жеткізу бойынша бірлескен кәсіп жүргіземіз», – деді ол.


Соңғы жаңалықтар