Алматыда кенеге қарсы дезинфекциялық өңдеу жұмыстары басталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда бүгін кенеге қарсы дезинфекциялық өндеу жұмыстары басталды. Бұл туралы Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда орманды алқап пен қала саябақтарында, скверлерінде кенелерге қарсы дезинфекциялық өңдеу жұмыстарының 1 кезеңі басталды. Жалпы өңделетін аумақ 2424,54 гектар.

Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен хабарлағандай, дезинфекциялық өңдеу жұмыстармен 8 орманды алқап (көлемі - 1904,924 га) және 144 қала саябақтары, скверлер (көлемі – 519,616 га) қамтылады және ауа-райына байланысты (құрғақ, жауын-шашынсыз күндері) кестеге сәйкес 5 сәуір - 5 мамыр аралығында жүргізіледі. Кене энцефалитіне қарсы күрестің нәтижесі сапалы болуы үшін өңдеу жұмысы екі кезеңде жүргізіледі. Екінші кезең: мамыр, маусым айларында өтеді.

Дезинфекциялық іс-шараны қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің бақылауымен «Алматы қаласының дезинфекция орталығы» филиалы жүргізеді.

Дезинфекциялық бригадалар қажетті құралдармен, көліктермен және жеке бас қорғаныш заттарымен қамтамасыз етілген. Кене энцефалитіне қарсы дезинфекциялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін «Фаворит» акарицидтік препараты қолданылады. Препарат аз уытты және қауіпті емес (3-4 класс). Кенелермен күресу үшін қолданылатын дозалар аз және адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз болып табылады. Өңдеу жұмыстары таңғы уақытта жүргізіледі.

Өңделетін аумақтардың шекараларында «Кенеге қарсы өңдеу жүргізілуде» деген ескерту хабарламалары бар тақталар орнатылады.

«Қала тұрғындары төменде көрсетілген сақтық шараларын сақтауы қажет:

- акарицидты препараттың ерітіндісін денеге немесе киімге тигізіп алмас үшін, кенеге қарсы дезинсекциялық өңдеу жұмыстары жүргізілген жерлерден қашықтау жүру керек;

- жердегі шашыратқан препарат кепкенге дейін үй жануарларын өңдеу жұмыстары жүргізілген жерлерге жібермеу керек;

- өңдеу жұмыстары жүрізілген жерлерден 40 күн бойы саңырауқұлақ, шөп немесе жидектерді жинауға және пайдалануға болмайды;

- тұрғындар мен қонақтарға қала саябақтары мен скверлерге, табиғи ошақтарға кенелерге қарсы өңдеу жүргізуде және одан кейін 3 күнде бармау керек», - деп ескертті департаментте.


Соңғы жаңалықтар