Алматыда «Казбат» көркем фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда танымал режиссер Асқар Ұзабаевтың «Казбат» атты жаңа әскери драмасының бастапқы көрсетілімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фильм ҚР әскери қызметшілерінің тәжік-ауған шекарасында бітімгерлік мақсатта қызмет атқарған кезіндегі шынайы оқиғаны баяндайды. 1995 жылы 7 сәуір күні Пшихарв шатқалында Қазақстан ішкі әскерінің жетінші құрама ротасы содырлардың тұтқиылдан жасаған шабуылынан от пен оқтың құрсауына түсіп қалады. Жаудың күші басым болған ұрыста 17 адам қаза болып, 33-і жараланған еді.

Ауған жағынан шабуыл жасаған содырлар бір сағаттың ішінде Тәжікстан аумағына өтіп кетуді жоспарлаған болатын. Бірақ оларға қарсы жасалған шабуылдың өте күшті болғандығынан, бес сағатқа созылған қарулы қақтығыстан кейін кері шегінуге мәжбүр болды. Бұл оқиға Қазақстанның ішкі әскерлері тарихындағы ең қайғылы оқиға болып қала береді.

Фильмде танымал, талантты актерлер Дәурен Серғазин, Ринат Дошибеков, Халық Рахат, Дияс Мырзахмет, Шарифбек Закиров және Индира Шынболатқызы ойнайды.

Фильмнің идеясын ұсынған – ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, бас продюсер – Данияр Ибрагимов, қоюшы режиссер – Асқар Ұзабаев, фильмнің қоюшы бас операторы – Максим Задарновский.

«Мен бұл оқиғаның 7 сәуірде болғанын естігенде түсініксіз күй кештім. Себебі 7 сәуір менің туған күнім. Сондықтан осы оқиғаны баяндайтын фильм түсіру керек екенін түсіндім. Мүмкіндігінше шынайы оқиғаға жақын болуға тырыстық. Бірақ мен режиссер ретінде философиялық ойларға көбірек мән берген сияқтымын», - деді режиссер Асқар Ұзабаев.

Түсірілім Алматы облысына қарасты Шарын шатқалы мен Іле өзенінің бойында өтті.

Көркем фильм 21 қарашадан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастайды. Фильмнің теледидарға арналған нұсқасы келесі жылы 7 сәуір күні аталған қарулы қақтығыстың 25 жылдығына орай «Qazaqstan» телеарнасынан көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар