Алматыда қазақтың тұңғыш комедиялық «Айсұлу» операсы қойылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Ертең Алматыда Абай атындағы мемелекеттік академиялық опера және балет театрында қазақтың тұңғыш комедиялық «Айсұлу» операсының премьерасы өтеді.

Бұл мәдени шара қазақтың ұлы композиторы Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 90 жыл толуына, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының құрылғанына 80 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Баспасөз конференциясына туындының қазіргі қоюшы-режиссері Мұрат Шалабаев, театрдың бас директоры Ғабит Несіпбаев, бас партияны орындайтын Майра Мұхамедқызы қатысты.

«Туындыны қазіргі заманның ағымына бейімдеп, өзгертуге тырыстық. Өйткені, кеңес кезіндегі нышандардың ешқайсысы қазір жоқ. Сондықтан, бұл опера қазіргі заман көрермендеріне жақсы әсер қалдыру үшін, көп нәрсені өзгертуге тура келді. Бұған өзімнің режиссер ретіндегі көзқарасымды қостым», - деді қоюшы режиссер Мұрат Шалабаев.

Отырысқа белгілі композитордың қызы Лейла Мұхамеджанова да қатысты.

«Мен үшін бұл өте қуанышты оқиға болып отыр. Әрине, әкемнің рухы өнердің арқасында мәңгілік өлмейді. Сол жылдары көрермендер бұл туындыны өте ыстық қабылдады. Қазіргі жаңартылғаннұсқасы да көрермендердің көңілінен шығады деген ойдамын», - деді ЛейлаМұхамеджанова.

Ең алғаш рет бұл опера 1964 жылы Алматыда қойылған. Олкезде туындыны белгілі режиссер Кәукен Кенжетаев сахналаған.

Ал туындыдағы басты образдар - Серке рөлін Ермек Серкебаев, Айсұлуды Роза Жаманова сомдап шыққан.

Соңғы жаңалықтар