Алматыда Қазақстанның 100 жаңа тұлғасын іріктеу мәселесі талқыланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Достық үйінде ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты «Қазіргі заманғы Қазақстан: ел жетістігінің жасампаздары» тақырыбында талқылау өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Ләззат Нұрқатова тұлғаларды іріктеу критерийлері туралы айтып берді.

«Бұл - бірегей жоба. Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдарда белсенділік көрсеткен 20 мен 50 жас аралығындағы тұлғалар аталған тізімге енеді. Ең алдымен адамың Қазақстан дамуына қосқан үлесі, еңбегі, отбасылық және азаматтық принциптері ескеріледі. Осы мақсатта жұмыс тобы құрылды. Бұл байқау емес, бұл тек тұлғаларды іріктеу. Белгілі ғалымдар, тұлғалардан тұратын топ белгілі бір азаматтардың белсенділік картасын дайындап, соның негізінде ұсыныс жасайды», - деді Нұрқатова.

Оның айтуынша, жұмыс тобы 20 адамды республикалық маңызы бар қалалардан, қалған 80 адамды аймақтардан іріктеп алады. Оның ішінде гендердік саясаттың да талаптары орындалмақ.

Талқылауға қатысқан ғылыми-зерттеу институттарының жетекші сарапшылары, тарихшылар, қоғам қайраткерлері мен әр саланың көшбасшылары аталмыш жобаның ел өміріндегі маңыздылығына тоқталып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасын жүзеге асыру туралы ұсыныс айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар