Алматыда қазақ-жапон онкодиагностикалық орталығы салынады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек «MedicalExcellence Japan» президенті Шузо Ямамотомен онкодиагностикалық орталық құрылысының жобасын бірлесіп жүзеге асыру мәселесін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдікке сілтеме жасап. 

Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, аталған диагностикалық орталық Орталық Азия бойынша ашылғалы отырған жапон медицинасының тұңғыш мекемесі болмақ. Оның ерекшелігі - онкологиялық ауруларды ерте сатыда анықтай алу мүмкіндігі.

«Ынтымақтастық меморандумы аясында қазақ-жапон онкологиялық орталығы ең озық технологиялармен жабдықталады. Жобаның басты шарты - жергілікті мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру», - делінген хабарламада.  

«Біз қазіргі кезде жапон компанияларын, олардың инвестициялары мен технологияларын тартып жатырмыз. Өйткені, олар көптеген салада алдыңғы қатарда. Тіпті, кейбіреуінің әлемде баламасы да жоқ. Орталықта алматылықтар мен өңір тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетілуі маңызды», - деді қала басшысы.

Шузо Ямамото жапон медицинасының жетістігін экспорттау мәселесінде Орталық Азия бойынша Алматы қаласы таңдап алынғанын атап өтті.

«Жапонияда емделмес бұрын, жыл сайын диагностикадан өту маңызды.Осы пікірімізге Алматы халқы да түсіністікпен қарайды деп сенеміз. Орталықтың тұжырымдамасын әзірлеу үшін Алматы тұрғындарының сырқаттарына қатысты статистикалық сараптама жүргіземіз. Жапон медицинасын экспорттауда Алматы жайлы әрі тиімді орын ретінде таңдалды», - деді «Medical Excellence Japan» компаниясының президенті Шузо Ямамото. 

Жалпы үш жыл ішінде қалада бірқатар ірі медициналық нысан салу жоспарланған, олардың ішінде жаңа онкологиялық орталық, перзентхана және «Mount Sinai» халықаралық госпиталі бар.

Айта кетерлігі, соңғы 2 жыл ішінде мегаполисте медицина мекемелерін жарақтандыру деңгейі 75%-ға жетті. Қалалық денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру барысында әр пациенттің электронды денсаулық паспортын енгізу, кем дегенде 35 жылжымалы модульді кешен арқасында орталықтандыруды іске асыру және Smart технологияны пайдаланып медициналық көмек сапасын арттыру жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар