USD 435.1 EUR 493.27
RUB 5.69 CNY 68.63
Jańalyqtar

Алматыда «Қазақ-қырғыз – Алаштан» атты халықаралық ғылыми конференция өтіп жатыр

2021 жылғы 3 желтоқсан 16:21
Бөлісіңіз:
Алматыда «Қазақ-қырғыз – Алаштан» атты халықаралық ғылыми конференция өтіп жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Қазақ-қырғыз – Алаштан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар
Алматыда жедел медициналық жәрдем қызметіне жаңа реанимобильдер берілді Алматыда қар тазалау жұмыстары басталды Алматыда интернет-дүкенді тонаған үш жігіт ұсталды

Аталған шара түркі әлемінің ортақ мақтанышы, қазақ-қырғыз бауырластығын бекемдеуге зор үлес қосқан жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, сонымен бірге, қырғыз халқының көрнекті тұлғалары, алаш қайраткерлері Жүсіп Әбдірахманов пен Қасым Тыныстановтың туғанына 120 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.

Халықаралық конференцияға ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Сүйүнбек Касмамбетов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қырғыз Республикасының мәдениет, ақпарат және туризм министрі Азамат Жаманкулов, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, сондай-ақ екі елдің зиялы қауым өкілдері мен танымал ғалымдар қатысты.

Алқалы жиын барысында құттықтау сөз сөйлеген ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қырғызстандық әріптестеріне Қазақстанға арнайы сапары үшін ризашылығын білдіріп, қазақ пен қырғызға ортақ тұлғаларды ұлықтауға арналған жиын екі елдің рухани байланысын биік белеске көтеретін игі бастама екенін атап өтті.

«Азаттығымыздың алтын бесігі, арайлы Алматыға қош келдіңіздер! Өздеріңіз білесіздер, биыл біртуған елдеріміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Алатаудың қос қапталын қатар жайлаған қазақ пен қырғыз халқының рухани жақындығының тамыры тереңде. Бүгінгі алқалы жиынның Алатаудың баурайында, Достық үйінде өтуінің символдық мәні бар. Қырғыз делегациясын арнайы бастап келген әріптесім, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік Хатшысы Касмамбетов Сүйүнбек Сапарбекұлына шынайы ризашылығымды білдіремін.

Биыл, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы жарияланып, елімізбен бірге бірқатар шет мемлекеттерде кеңінен аталып өтілді.

Ұлы жыраудың мерейтойы бауырлас Қырғызстанда бастау алып, міне бүгін қазақ-қырғыз ынтымақтастығы аясында қорытындыланып отыр.Бұл орайда, туыстас елдерді табыстырып, ынтымағын жарастыратын – тұғырлы тұлғалардың шынайы достығы, баянды бірлігі екені белгілі. Күні кеше екі халық Манас дастанына қатар ұйып, Жамбыл мен Тоқтағұлдың жырларын қатар жырлауы осының жарқын куәсі.

Жамбылдың рухани мұрасы қазаққа қалай қадірлі болса, қырғыз елі үшін де дәл солай қастерлі. Сондықтан, екі ел үкіметтерінің қолдауымен арқалы ақынның бай мұрасын насихаттаған бірқатар мәдени-рухани шаралар ұйымдастырылды. Осы орайда, жыр дүлділі Жамбылға көрсеткен құрметі үшін туысқан қырғыз Үкіметіне айрықша алғысымызды айтамыз», - деді Қырымбек Көшербаев.


Сонымен қатар, ол Тоқтағұл мен Жамбылдан бастау алған тұлғалар ынтымағы Алашорда заманында жалғасын тауып, достықтың дәнекеріне, сырбаз сыйластықтың салтанатты үлгісіне айналғанын тілге тиек етті.

«Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаштың аяулы перзенттері Төреқұл Айтматов, Төреқұл Жанұзақов, Ишеналы Арабаев сынды қырғыз зиялыларымен тізе қосып, ұлт үшін ынтымақта қызмет етті. Бұл туралы белгілі ғалым Зайниддин Кұрмановтың бүгін тұсауы кесілгелі отырған «Кыргызский филиал партии «Алаш» атты еңбегінде де жақсы көрініс тапқан. Осындай көрнекті қырғыз қайраткерлерінің бірі – Жүсіп Әбдірахманов 1920 жылдары Алматы қаласында тұрып, қалалық комитеттің жауапты хатшысы, кейіннен Талдықорғанда комитет хатшысы қатарлы лауазымды қызметтер атқарды. Осындай қызметтерде жүріп, Ораз Жандосов, Тұрар Рысқұлов сынды мемлекетшіл тұлғалармен бірлесіп, халыққа риясыз еңбек етті.

Сондықтан, Жүсіп Әбдірахмановтың Алматы қаласында қызмет істеген, тұрған мекен-жайын анықтап, ескерткіш тақта орнату, сонымен бірге еліміздегі көшелердің біріне ер есімін беру қажет деп есептеймін. Бұл Алаш зиялыларына көрсетілген зор құрмет әрі екі елдің рухани байланысын нығайтатын игі шара болары анық», - деді ол.

Қырымбек Көшербаевтың айтуынгша, алаштың тағы бір қайраткері, ағартушы, ақын – Қасым Тыныстанов та біз үшін айрықша қадірлі. Қасым ақынның Мағжан шығармаларынан нәр алған дауылпаз жырлары мен ғажайып прозалары қажыған халыққа рухани дем беріп, тың серпін сыйлады.

«Қасым Тыныстанов ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтармен мұраттас болып, 1926 жылы Бакудегі I түркологиялық съезге қатысқаны белгілі. Ағартушы ғалым осы рухани байланыс нәтижесінде қырғыз әліпбиінің негізін қалады. Ал, қырғыз халқының фольклорлық мұрасы - «Манас» дастанын жинақтап, М. Әуезовтермен бірге Бішкектегі тұңғыш Бүкілодақтық конференцияда манастану мәселесін көтеруі түркі мирасына жасаған үлкен қамқорлығы деп білеміз.

Мінеки, бүгін қызметін қазақ баспасөзінде бастап, Мағжанға еліктеп қазақша өлеңдер жазған ақынның 1925 жылы қазақ және қырғыз тілдерінде жарық көрген «Қасым жырлары» жинағы Халықаралық Түркі академиясы тарапынан түрік тіліне аударылып, факсимилесімен қатар жариянып отыр», - деді конференция барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Алма Мұқанова

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER

MURAǴAT