Алматыда «Қазақ хандығы тарих толқынында» кітабының тұсауы кесілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Атығаевтың «Қазақ хандығы тарих толқынында» кітабының тұсаукесері өтті.

Кітап былтыр елімізде құрылуының 550 жылдығы аталып өткен қазақ халқының ортағасырлық ұлттық мемлекеті - Қазақ хандығының тарихына арналған.

Бес бөлімнен тұратын еңбекте қазақ даласында XV-XVII ғғ. салтанат құрған Қазақ хандығы тарихының түрлі ғылыми мәселелері қарастырылады. Бірінші бөлім Қазақ хандығы бойынша дерек көздерді зерттеуге, екінші бөлім хандықтың саяси тарихы мен зерттеу методологиясына, үшінші бөлім қазақ мемлекетін басқарған тарихи тұлғаларға, төртінші бөлім Қазақ хандығының әлемдік тарихтағы үдерістегі рөліне арналған, соңғы бөлімде автордың ғылыми рецензиялары берілген.

«Кітапқа ғылыми материалды өмір бойы жинап келдім десек артық емес. Қазақ хандығы тарихын зерттеумен 20 жылдан аса айналысып келемін. Аталған кітап қазақ хандығының құрылуынан соңғы ханның өміріне дейінгі кезеңді қамтиды. Кітапқа ғылыми айналымға жаңадан енген деректер, парсы-шағатай тіліндегі деректер аудармалары, Иран, Түркия кітапханаларындағы тарихи қолжазбаларды тауып, аудардым», - деді автор.

Айта кету керек, кітап Алматы әкімдігінің қолдауымен 1000 дана таралыммен жарық көрді. Ғылыми еңбек кітапханаларға, ғылыми мекемелерге таратылды.

Басылым кәсіби тарихшылар мен ортағасырлық Қазақстан тарихына қызығушылық білдіретін көпшілік қауымға арналған.

«Мұндай ғылыми еңбектер тақыр жерде тумайды. Біріншіден, бұл кісі үлкен ғалым ретінде тарих институтында қалыптасты. Одан кейін еңбегінің өнімді болу себебі Ирандағы елшілікте қызмет жасады. Бірнеше түпнұқсқа тілдерді меңгерді. Бұрын орыс жылнамасы, араб қытай жолжазбасы дейтін болса, бұл осының бәрін өзі оқып көз жеткізген. Енді осындай қисынға келетін, ғылымға тың дерек беретін еңбектерді жариялауға әкімдік үнемі қолдау көрсетуге әзір», - деді қалалық Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Мамай Ахетов.

Соңғы жаңалықтар