Алматыда қазақ ғарыштық зерттеулерінің негізін қалаушы ғалымға арналған дәрісхана ашылды

None
None
АЛМАТЫ. 21 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінде математик, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, қазақстандағы сәулеленудің тасымалдау теориясы ғылыми мектебінің негізін салушы Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы дәрісхана ашылды.

Қазақ ғарыштық зерттеулерінің негізін қалаушы ғалым атына арналған оқу аудиториясының ашылуына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Кенжеғали Сағадиев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы Асылы Осман және ғалымның жары Райхан Ғайниқызы, механика-математика факультетінің деканы, профессор Уәлихан Әбдібеков, сонымен қатар математик ғалымдар мен факультеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері қатысты.

Шараның ашылуында соңынан өшпес мұра қалдырған, математика ғылымының дамуына зор еңбек сіңірген ғалымның қайраткерлігі мен ғылым жолындағы естеліктері айтылды.

"Біртуар ғалым, академик Өмірзақ Сұлтанғазин көзі тірі болса, 75 жасын тойлар еді. Алайда ғалымның аты да, хаты да өлген жоқ. Айтулы ғалым туыстарының арасында, ғылымда және қоғамда мәңгі ұмытылмас ерекшелігімен насихаттала береді. Математиктің ғылымға сіңірген өшпес мұрасын дәріптеп, айтып, жалғастырып отыру үшін осы аудиторияны сол кісіге арнап отырмыз", - деді академик оқу орнының ректоры.

Аудиторияның ашылу салтанатынан кейін, Өмірзақ Сұлтанғазиннің 75 жылдығы қарсаңына орай, «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген сериялы кітаптың тұсаукесер рәсімі болды.

Ғылымға өлшеусіз үлес қосқан ғалымдарды насихаттауға арналып, университет баспасынан арнайы сериямен жарық көріп отырған алтыншы кітапта Өмірзақ Махмұтұлының өмірі, ғылым жолы, еңбектері, академик жайындағы замандастарының естеліктері жазылған.

«Рухани қазынамызды бойымызға жинап, оны жас ұрпақтарға жеткізуде мүндай игі істердің орны ерекше. Өмірзақ Сұлтанғазин Қаныш Сәтбаев сияқты ерекше құбылыс. Ол қазақ ғылымын әлемдік деңгейде танытқан ғалым. Шетелдік ғалымдар оны әлем саңлағы деп мойындаған. Әлемдік деңгейде математика саласында дәріс оқыған. Жапонияда оны үлкен ғылыми істер бастамасы деп атаса, Франция елі мәңгі ізденістер деп теңеген. Бүгінде біз ғарыштық жетістіктер арқылы ауа райын болжау сияқты мүмкіндіктерге жетіп отырмыз. Ал оның бәрін дамытып, бүгінге жеткізген әрине, қолданбалы математика ғылымының негізін салған, Ғарыш институтын ашқан - Өмірзақ Сұлтанғазин», - деп атап өтілді шара барысында.

Соңғы жаңалықтар