Алматыда қазақ диаспорасының ахуалы жайлы ғылыми монография жарық көрді (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Қазақ диаспорасы және репатриация. 1991-2012» атты ұжымдық ғылыми монография тұсаукесері өтті. Аталған монографияға қазақ диаспорасының даму тарихы мен олардың тарихи отандарына иммиграциясы туралы жинақтау мен талдауына арналған ғылыми зерттеулердің қорытындылары енген.

Бүгін Ұлттық кітапханада жоба авторлары тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балтабаева, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев, тарих ғылымдарының докторы Жарас Ермекбай және философия ғылымдарының кандидаты Айтбала Баймағамбетова, белгілі қоғам қайраткерлері, ғалымдар, оралман қазақтар, шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері жиналды.

10 тараудан тұратын бұл монография қазақ диаспорасы, репатриация, көші-қон саясаты, демография және диаспорология тарихының мәселелеріне қызығушылық танытқан көпшілікке арналады. Монография ғылыми сипатта жазылған, өйткені географиялық, пәндік және атаулы көрсеткіштермен, қысқартқан сөздер тізімімен, сондай-ақ түрлі-түсті суреттермен жабдықталған.

«Ерекше назар аударатын жайт, біздің Қауымдастықтың қоржынындағы бұл - алғашқы ғылыми монография емес. Алайда біздің алдымызда Азия, Түркия, Еуропадағы қазақ диаспорасының қалыптасуы мен өрістеуін көрсету міндеті тұрған жоқ, өйткені аталған жағдай Гүлнара Малбағарқызы Меңдіқұлованың «Қазақ диаспорасының тарихи тағдыры. Қалыптасуы мен дамуы» («Исторические судьбы казахской диаспоры. Происхождение и развитие») монографиясында көрсетілген болатын. Дегенмен, Қауымдастық осы монографияның толықтырылған нұсқасын «Қазақ диаспорасы: тарихы мен бүгіні» деген атпен қайта басып шығарды. Содан соң үш жылдан кейін Қауымдастықтың мұрындық болуымен елші Қалыбек Қобландин мен Гүлнара Меңдіқұлованың ұжымдық монографиясы қазақ тілінде «Өзбекстандағы қазақтардың тарихы және бүгінгі дамуы» деген атпен шықты.

Бүгінгі тұсауын кесіп отырған монография Білім және ғылым министрлігінің гранты бойынша жазылды. Шетел қазақтарының саяси, әлеуметтік-демографиялық және мәдени дамуының ерекшеліктері Қытай, Моңғолия, Ресей, Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларус елдерінде ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында өткізілген халық санағының есебінде талданған. Менің білуімше, халық санағының жарық көрген материалдары біздің Республиканың ғылыми кітапханаларының қорында жоқ», - деді авторлардың бірі Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев.

Авторлар этникалық иммигранттарды қабылдау мен орналастырудың әлемдік тәжірибесін де жан-жақты қарастырған. Кітапта Германияның саясаты, назар аударуға тұрарлық Израильдің репатриация үдерісінің тәжірибесі, көршілес Ресейдің көші-қон саясатының өзгерістері қарастырылған. Алғаш рет Қазақстанда қазақ диаспорасы жастарының білім алу мақсатында иммиграциялау мәселелері талданған.

Монография орыс тілді қауым және бұқаралық ақпарат құралдарын таныстыру мақсатында орыс тілінде жарық көрді.

Болашақта қазақ, ағылшын тілдеріне аударылып, Қытай, Моңғолия, Түркия, Еуропа елдеріндегі қазақтар үшін қайта басып шығару жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар