Алматыда кәсіпкерлерден ақша талап еткен алаяқтарға қатысты сот отырысы басталды

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өздерін төтенше жағдай мамандары ретінде таныстырып, кәсіпкерлерден ақша бопсалаған алаяқтарға қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қылмыстық іс Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотында қаралып жатыр.

«Сот отырысы барысында сотталушылар мен олардың адвокаттары БАҚ өкілдерінің сот процесін жариялауына қарсылық білдірді. Адвокаттар бұл іске жәбірленушілердің барлығы қатыстыпайтынын және сот отырысының енді ғана басталғанын айтты. Олардың пікірінше, бұл істі жариялауға әлі ерте.

Аудандық соттың судьясы журналистерге адвокаттар мен айыпталушыларды видео мен суретке түсіруге тыйым салды. Сондай-ақ судья сот үкімі шыққанға дейін істі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияламау туралы шарт қойды.

Бұған дейін Алматы қалалық прокуратурасы «Нұр-СұлтанПром безопасность» ЖШС қызметкерлері өздерін ТЖ органдарының мамандары ретінде таныстырып, бизнес субъектілеріне айыппұл саламыз деп қорқытқанын айтқан болатын.

Ведомства мәліметінше, мұндай қылмыстық схема жүйелі болды. Тек қазіргі уақытта Алматының Наурызбай және Әуезов аудандарында зардап шеккен 30-дан астам кәсіпкер анықталды. Мұндай заңсыз іс-әрекеттер бизнеске қысымды төмендету бойынша жүргізіліп жатқан мемлекеттік шаралардың беделін түсіреді және оларға нұқсан келтіреді

Аталған фактілер бойынша Наурызбай ауданының прокуратурасы қылмыстық істі қозғауға бастамашылық етті, нәтижесінде алаяқтық жасады деген күдікпен 1991 және 1995 жылы туған екі азамат ұсталды, олар соттың санкциясымен қамауға алынған болатын.

Күдіктілердің қылмысы дәлелденсе, олар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар