Алматыда кәсіпкерлерден ақша талап еткен алаяқтар ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы қаласы прокуратурасының бизнес құқығын қорғау жөніндегі мобильді тобы кәсіпкерлерден ақша талап еткен алаяқтарды анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомства мәліметінше, «Нұр-СұлтанПром безопасность» ЖШС қызметкерлері өздерін ТЖ органдарының мамандары ретінде таныстырып, бизнес субъектілеріне айыппұл саламыз деп қорқытқан. Кәсіпкерлерді өртке қарсы қауіпсіздік қызметтері үшін 60 мың теңгеге дейін төлеуге мәжбүр еткен.

«Мұндай қылмыстық схема жүйелі болды. Тек қазіргі уақытта Алматының Наурызбай және Әуезов аудандарында зардап шеккен 30-дан астам кәсіпкер анықталды. Мұндай заңсыз іс-әрекеттер бизнеске қысымды төмендету бойынша жүргізіліп жатқан мемлекеттік шаралардың беделін түсіреді және оларға нұқсан келтіреді»,- деп хабарлады Алматы қалалық прокуратурадан.

Естеріңізге салайық, елімізде 2023 жылға дейін ШОБ субъектілерін тексеруге мораторий жарияланды.

Аталған фактілер бойынша Наурызбай ауданының прокуратурасы қылмыстық істі қозғауға бастамашылық етті, нәтижесінде алаяқтық жасады деген күдікпен 1991 және 1995 жылы туған екі азамат ұсталды, олар соттың санкциясымен қамауға алынды.

Сонымен бірге 2021 жылы прокуратураның мобильді тобына кәсіпкерлерден 218 арыз келіп түсті, олар бойынша прокурорлық қадағалаудың 8 актісі енгізілді, 1,5 мыңнан астам құқық қорғалды, 39 тұлға тәртіптік жауапқа, 26 тұлға әкімшілік жауапқа тартылды, 120 заңсыз тексеру жойылды.


Соңғы жаңалықтар