Алматыда кәсіпкерден ақша бопсалаған жалған «қаржы полициясының майоры» ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда кәсіпкерден 1 млн. теңге көлемінде ақша алу барысында жалған қаржы полициясының «майоры» ұсталды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Алматы қалалық экономикалық қылмысқа пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөзбен байланыс бөлімінің жетекшісі Жақсылық Жақыбаев мәлім етті.

Жақында алматылық кәсіпкер өзінен қаржы полициясының майоры 30 мың АҚШ долларын бопсалап жүргенін айтып қалалық қаржы полициясына шағымданған. Кейін қаржы полициясы қызметкерлері мен кәсіпкер құзырлы орган қызметкерін бірігіп ұстауды жоспарлайды. Жүргізілген жедел іздестіру шараларының арқасында 1967 жылы туған азамат ақша алу үстінде ұсталды. Кейін белгілі болғандай, бұл азамат өзінің 1971 жылғы бауыры М.Абдралиновтің тапсырмасымен ақшаны алуға келгенін мойындады. Абдралиновтің үйінде жүргізілген тінту барысында «майор» шеніндегі полиция формасы тәркіленді. Қазір аталған дерек бойынша Алматы қаласы қаржы полициясымен М.С. Абралиновке қатысты ҚК 177-бабы 3-бөлігі "б" тармақшасымен (аса ірі көлемде алаяқтық) қылмыстық іс қозғалды. Айыпты Жетісу ауданы сотының үкімімен қамауға алынды. Осы тәріздес алаяқтық деректер жиі кездеседі. Сондықтан, Алматы қаласы қаржы полициясы кәсіпкерлерге және қала тұрғындарына жоғарыда аталған азматтардан жапа шеккен жағдайда Департаменттің кезекші бөлімі 278-73-00, немесе сенім телефоны 144-ке хабарласуды өтінеді.

Соңғы жаңалықтар