Алматыда кәсіпкер мектепке стадион салып берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған мектеп стадионы бүгін пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдікке сілтеме жасап.

Бостандық ауданындағы №40 мектептің қасында болған салтанатты жиынға қала әкімі Бауыржан Байбек пен бизнес саласының өкілдері қатысты.

Нысанның  территориясында үш футбол алаңы, теннис корты, баскетбол алаңы, кроссфит (көше тренажеры), жүгіру жолы, жуынатын және киінетін бөлмелер бар.

Жаңа спорт нысанында бір мезетте 200 оқушы спортпен айналыса алады.

Айта кету керек, әлеуметтік нысанның құрылысы биыл жазда басталған еді.

Осыған ұқсас жобаны жеке кәсіпкер Ақылбек Аққайыр Алмалы ауданындағы №95 жалпы білім беретін мектепте жүзеге асырып жатыр. Екі стадионның құрылысына 350 млн теңгеге жуық қаржы кетті.

«Біз ең алдымен балалардың қауіпсіздігі мен ыңғайлылық, жер сілкінісіне төзімділігіне мән бердік. Құрылыс барысында ең заманауи технологияларды қолдандық. Алаңға бактирицидті және жағымды хош иісі бар сапалы газон төселді. Құлаған кезде бала жарақат алмайтын болады», - деді «Ақылбек» ЖШС директоры  Ақылбек Аққайыр.

Келісімшартқа сәйкес инвестор нысанды 10 жылға дейін пайдаланатын болады (10 жылдан асуы да мүмкін) Одан соң толығымен мемлекетке қайтарады.

Айта кету керек, аталған жобаға Қалалық кәсіпкерлер палатасы консультатитвтік көмек көрсетті.

«Мемлекеттік-жекелік әріптестік билік пен бизнестің арасындағы әріптестіктің тиімді тетігі. Бюджет әлеуметтік нысандарды салуға қаражат жұмсамайды. Жыл басынан бері кәсіпкерлер палатасына 70-тен аса кәсіпкер келіп кеңес алған. Олардың 11-і мемлекеттік-жекелік әріптестік орнатуға ниет білдірді», - деді Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасы аппаратының басшысы Нұрлан Қабыштаев. 

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында мемлекет серіктесіне  тегін жер учаскесін береді. Инвестор нысанның құрылысына, қайта жаңғыртуға қаражат салады. Мектеп бұл нысанды таңертеңгі 9.00 мен 19.00 арасында пайдалана алады. Қалған уақытта кәсіпкер нысанды коммерциялық бағытта қолдана алады.

Иллюстрациялық сурет

Соңғы жаңалықтар