Алматыда қаржы пирамидасының тағы екі мүшесі ұсталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы «Mudaraban capital» компаниясының тағы екі қызметкерін қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен ұстады. Бұл туралы Алматы полициясы басшысының орынбасары Рүстем Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл компанияның негізін қалаушы 1988 жылы туған Ж. есімді азамат және басқарма төрағасы қызметін атқарған 1983 жылы дүниеге келген Р. есімді азамат. Олар ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы бойынша ұсталды және Алматы қалалық ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.

Қаржы пирамидасын құру және оған жетекшілік ету фактісі бойынша «Astex.kz» ЖШС мен «ACD technology» ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі Алматы Полиция департаменті осы жылдың қазанында азаматтардың ұжымдық арызы бойынша тіркеді.

2019 жылдың ақпанынан 2021 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта аталған ЖШС-нің лауазымды тұлғалары жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қажет деп болжанатын қаражатты тарту бойынша бірлескен қызмет туралы келісімдер жасасқаны анықталды.

«Екіжақты құжатқа сәйкес фирмалар әрбір салымшыға салынған салым сомасының 20 пайызын ай сайын төлеуге міндетті болған. «Astex.kz» ЖШС-не 162 салымшының екі миллиард теңгеден астам қаражаты басқа компания – «Mudaraban capital» ЖШС арқылы түсіп отырған. Осы қылмысты жасағаны үшін барлығы 8 күдікті әшкереленді, олардың 6-уы соттың санкциясымен қамауға алынды, 1-уі іздеуде, тағы 1-уі үйқамақта», – деді Рүстем Әбдірахманов.


Соңғы жаңалықтар