Алматыда қарттар үйінің экс-директоры зейнеткерлердің пәтерін қолды қылған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қарттар үйінің экс-директорына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол пана іздеп келген қариялардың пәтерін өз меншігіне аударып отырды деп айыпталып отыр. Бұл туралы Алматы қалалық прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев мәлім етті.

Алматы прокуратура басшысының орынбасары Жандос Өмірәлиевтің айтуына сәйкес, аталған деректер бойынша экс-директорға қатысты ҚР қылмыстық кодексінің 177-бабының 4-ші бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды. Жақында қылмыстық іс сотқа жолданбақ.

Тергеушілердің айтуынша, бірнеше адамнан тұратын қылмыстық топ 4 зейнеткердің пәтерін қолды қылған. Алаяқтық әрекетті жүзеге асыруға оның баласы мен орынбасары, заңгер, нотариус жәрдемдесіп отырған.

«Олар мемлекеттік мекемеге орналасу үшін пәтерді жекеменшікке аудару шарт деп қарияларды алдаған. Қазір екі пәтер иесіне қайтарылды. Алайда, бір қарияға ол күнді көру жазбапты», - деді прокуратураның ресми өкілі.

ҚР заңнамасы бойынша күдіктілердің кінәлі екені анықталса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар