Алматыда кәріз жүйесіне қосылмаған тұрғындардан кәріз суларын ағызу үшін ақша талап етуде

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Оңтүстік астанадағы Түрксіб ауданының тұрғындары жүргізілмеген кәріз жүйесі үшін ақша төлеуден бас тартуда.

Мәселенің мән жайы туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Коммунистік партиясының Алматы қалалық комитетінің хатшысы Елнұр Бейсембаев айтып берді.

Естеріңізге сала кетейік, қалалық кәріз суларын ағызуға жауапты мекеме «Тоспа су» 2012 жылдан бері Түрксіб ауданының тұрғындарынан кәріз жүйесі үшін қордаланған қарызды төлеуді талап етуде. Ал, тұрғындар аталған қарыздардың қайдан шыққанын білмей аң-таң. Олардың үйлері орталық кәріз жүйесіне қосылмаған.

ҚР Коммунистік партиясының Алматы қалалық комитетінің хатшысы Елнұр Бейсембаев бұл монополистердің артық ақша табу үшін ойлап тапқан оңтайлы жолы деп санайды.

«Шын мәнінде жоқ кәріз жүйесі үшін зейнеткерлерімізден ақша талап ету бассыздық. Олар онсыз да ассенизаторлық көлікке 7 мың төлейді. Сол көлік «Тоспа судың» қабылдау орнынан суды ағызған кезде тағы төлейді. Сонда бұл зейнеткер бір төлесе, ассенизаторлық машина бір төлесе, онда Алматы бойынша 59 мыңнан астам жеке үйден алатын ақша миллиардтан асып кетеді ғой», - деді Е.Бейсенбаев.

Партия заңгері Валерия Смирнованың айтуынша, әккі монополистер су беру туралы келісім шартқа отырған кезде халықты алдап соққан. Келісім әу-бастан екі ұйыммен жасалған.

«Келісім шарттың бірінші бетінде «Бастау» МКК мен жеке тұлға арасында су беру туралы келісім жасалса, екінші бетінде «Тоспа су» МКК мен келісім көрсетілген. Тұрғындардың көбі оны аңғармай қол қойып тастаған. Халық 2009 жылдан бері қордаланған қарызы барын енді біліп жатыр. Ал, жүргізілмеген кәріз жүйесі үшін ақша төлеудің әбестігін сотқа дәлелдеу мүмкін емес. Олар ауданаралық экономикалық соттың шешіміне арқа сүйеп отыр. Онда тұтынушылардың халықтық лигасы «Тоспа су» МКК әрекетін заңға қайшы емес деп таныған», - деді В.Смирнова.

Қазір осындай 7 жеке тұлғаға қатысты сот шешімі шығарылған. Қарыздардың көлемі 5 мың теңгеден 45 мыңға дейін жетеді.

Соңғы жаңалықтар