Алматыда қардың салмағын көтере алмай құлаған ағаштар 16 көлікті қиратты (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда кеше түннен таңға дейін үздіксіз жауған дымқыл қарды көтере алмаған ағаштар бірінен соң бірі құлап жатыр. Бүгін таңғы 07:00-ден бастап құтқару қызметінің «109» нөміріне 35 өтініш келіп түскен.

Бұл туралы қалалық құтқару қызметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ал ТЖД баспасөз хатшысы Сандуғаш Баймұхамбетованың айтуынша, «112» төтенше жағдай қызметіне 19 шағым түскен. Оның 11-і Бостандық ауданынан, қалғаны Әуезов, Алмалы, Медеу, Жетісу аудандарының тұрғындарынан келген.

Қираған ағаштар, әсіресе, автокөліктерге үлкен зақымын тигізген. Бүгін таңнан бері 16 автокөлік иесі шағымданды.

Алмалы ауданындағы Шәкәрім және Прокофьев көшесінің қиылысында ағаш құлап, үш бірдей көлікті мыжып қалған. Сондай-ақ, Бостандық ауданындағы Клочков, 168 мекенжайында ағаш бұтағы электр желісін үзіп кетті. Оқиға орнында әрекет еткен апатты қайта қалпына келтіру бригадасы электр желісін жөндеп, жақын маңдағы үйлерге электр энергиясы берілді.

Дымқыл қар көшені жарықтандыру сымдарын да үзіп үлгерді. Құзырлы қызмет өкілдері қараңғы батқанға дейін жарықты қосамыз деп уәде беріп жатыр.

Қазіргі таңда қалалық әкімдіктің жергілікті атқару органдарының жедел әрекет ету қызметінің өкілдерімен апатты қалпына келтіру жұмыстары, жолдарды аялдамаларды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кету керек, Алматыда бүгін түнгі 03:00-ден күндізгі 11-ге дейін толассыз қар жауды. Ауа райын болжаушылардың айтуынша, құбылмалы ауа райы мен көктайғақ, тұман әлі де 1-2 күн сақталады.

Соңғы жаңалықтар