Алматыда карантинді сақтамаған мектептерге 9,8 млн теңге айыппұл салынды

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Карантин талаптарын сақтамаған мегаполис мектептеріне 9,8 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Бұл туралы Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің білім және тәрбие объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінде COVID-19 бойынша шектеу іс-шараларын енгізу кезінде мектептердегі оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыруға мониторинг пен санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізді.
Осы мәселе бойынша 166 тексеріс жүргізілді, оның ішінде 87 – арнайы, 57 – жоспардан тыс, 22 – мониторинг топ құрамында тексеріс жүргізілді. Тексеру барысында келесі заң бұзушылықтар анықталды:
- Алматы қаласының 3 мектебінде сабақтар арасындағы үзілістердің нормаланған ұзақтығы сақталмайды;
- оқу жоспары мектептердегі күндізгі және аптадағы оқушылардың ақыл-ой әрекетінің динамикасын есепке алмай құрастырылған 4 мектепте, бастауыш сыныптарында қосарланған сабақтарға рұқсат етілген 2 мектеп анықталды;
- сыныптардағы жасанды жарықтандыру деңгейінің жеткіліксіздігі, мектептерде жанып кеткен электр шамдары дер кезінде ауыстырылмайтын 19 мектеп;
- 2 мектепте оқу жиһаздары жартылай тозған және ауыстыруды қажет етеді;
Сондай-ақ мектептерде дезинфекциялау режимін, үй-жайларды желдету кестесін бұзу және профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың басқа да бұзушылықтары анықталды.
«Анықталған заң бұзушылық фактілері бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандарымен 9 801 109 теңгеге 66 айыппұл салынып, 66 ұйғарым шығарылды. Мониторинг топтарының жұмыс нәтижелері жергілікті атқарушы органдардың қарауына жіберілді»,-деп хабарлады департаменттен.


Соңғы жаңалықтар