Алматыда карантинде 490 адам жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Коронавирус жұқпасының алдын алу үшін, сақтық шарасына байланысты Алматы қаласының түрлі медициналық нысандарында 490 адам карантинде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының хабарлауынша, 1 санаттағы елдерден келген тұлғаларға 2 жұқпалы аурулар, 4 медициналық орталық стационарында төсек орын жасақталды.

11 наурыздағы мәліметке сәйкес қазір Алматыда карантинге 490 адам оқшауланған.

«Карантинде жатқан тұлғалардың ешқайсысында катаралды өзгерістер және дене қызуының көтерілуі байқалмады. ҚР Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес 1а санатындағы ҚХР, Италия, Оңтүстік Корея, Иран елдерінен келген тұлғалар 14 күндік карантинге оқшауланады. 14 күндік карантин аяқталған соң дәрігерлер 10 күн бойы телефон арқылы хабарласып жағдайын біліп тұрады» - деді қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасынан.

Басқарманың хабарлауынша, 1б санатындағы Франция, Германия, Испания елдерінен келген тұлғалар үй жағдайындағы карантинге оқшауланады.

«Оларға 14 күн бойы қонаққа баруға, туыстармен араласуға шектеу қойылады. Барлық тұлғалар карантин талаптарына қатаң бағынуы тиіс. Олай болмаған жағдайда әкімшілік жазаға тартылады. Егер карантиндегі адам қонаққа барған болса жергілікті емхана қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментіне шағым түсіреді. Бұл мекеме ары қарай құқық қорғау органдарына арызданады», делінген хабарламада.

Алматыда қазір 2-санаттағы Швейцария, Ұлыбритания, Нидерланды елдерінен келген тұлғалар күнделікті медицина қызметкерлерінің бақылауына алынған.

«Медицина қызметкерлері бұл адамдарды таппаған жағдайда - көші қон қызметіне, шетел азаматтарын таппаған жағдайда қосымша ҰҚК хабарлайды», делінген хабарламада.

Бүгінде Алматыда коронавирус жұқпасын жұқтыру дерегі тіркелген жоқ. Қалада коронавирус жұқпасының алдын алу бойынша арнайы штаб жұмыс жасап жатыр. Қалалық әкімдік санитарлық гигиеналық бақылауды күшейте түсті.

Басқарманың хабарлауынша, барлық медициналық мекемелер дәрілік заттармен, медициналық құралдармен қамтылған. Медициналық персоналды жұқпадан қорғау мақсатында 3 мың жеке бас қорғаныс құралы жасақталған.

Барлық медициналық ұйымдар зарарсыздандыру құралдарымен, антисептиктермен қамтылған.

Жұқпаның алдын алу үшін мамандар адамдарға бет-қолды жиі сабындап жуып, қолға спирт антиспетигін қолданып, адам көп шоғырланған жерлерге бармауға кеңес береді.


Соңғы жаңалықтар