Алматыда карантин талабын бұзған 26 мекеме анықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының мониторинг тобы екі күнде карантин талабын бұзған 26 мекемені анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мониторинг тобының мәліметінше, Алматының көңіл көтеру мекемелерінде әлі де жұмыс режимін бұзатындар бар, қонақтарды отырғызу кезінде әлеуметтік қашықтық сақталмайды, қызметкерлер маска тақпайды.

Алматыдағы қоғамдық тамақтану орындары мен компьютерлік клубтарға жүргізілген екі күндік тексерудің қорытындысы осындай.

«Демалыс күндері қалада тексеру күшейтілді, кәсіпкерлік объектілері бойынша 26 заң бұзушылық анықталды. Құқық бұзушылар тізімінде: Райымбек даңғылындағы «Street Bar», «Айнұр» кафесі, «Гранд Опера» кешені, T-Bar лаундж-бары, «Мята на Сейфуллина» лаундж бары және «Night Star» кафесі бар»,- деп хабарлады мониторинг топ өкілдері.

13-19 қыркүйек аралығында карантин шараларын бұзған 166 мекеме анықталды. 19 заңды тұлғаға 6 373 645 теңгеге 141 хаттама толтырылды. Сонымен қатар, маска режимін бұзғаны үшін 122 адамға 5 425 620 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жыл басынан бері мониторинг топтарының 39 972 нысанды тексергенін, оның 3 814 -де карантиннің түрлі бұзушылықтары анықталғанын нақтылады. Жалпы сомасы 461 млн теңгеден асатын 5 988 хаттама жасалды.

Санитарлық дәрігерлер, жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлері мегаполис тұрғындарын халық көп жиналатын мерекелік шаралардан бас тартуға шақырады. Барлық ұсыныстарға жауапкершілікпен қарау қауіпті инфекцияның таралуын азайтуға көмектеседі.

Аурудың жаңа өршуіне жол бермеу үшін санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтау, коронавирусқа қарсы вакцинацияны салдыру, бетперде тағу, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, қолды жиі жуу қажет.


Соңғы жаңалықтар