Алматыда карантин шараларын бұзған бірнеше рестобар анықталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматының мониторинг тобы шектеу шараларының сақталуын бақылау үшін күн сайын кәсіпкерлік нысандарға тексеру жүргізеді. 10 маусымнан 11 маусымға қараған түні қалада сегіз заң бұзушылық анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мониторинг топ өкілдерінің айтуынша, қалада Аshyq жобасына кірмейтін мекемелердің қызмет көрсетіп жатқандары анықталуда. Мысалы, Бостандық ауданындағы 1Gog рестобарында заң бұзушылық болды. Бұл мекеме заңға қайшы әрекеттерімен тексерушілердің назарына бірнеше рет түскен.

1Gog мекемесі түнгі сағат 1-ге дейін жұмыс істеді. Онда 60-қа жуық адам болған. Нысан басшылығын әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін материалдар жинақталды.

Рестобардағы карантиндік шараларды бұзумен қатар, кальян шегу фактісі анықталды. Еске салсақ, қоғамдық орындарда кальянға толық тыйым салынған. Тәртіп бұзушыларға қатысты ҚР Әкімшілік кодекснің 441-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Айта кетейік, оған салынатын айыппұл көлемі 15 АЕК (43 755 теңге). Алматының санитарлық дәрігерлері кальянның зиянды қасиеттері туралы бірнеше рет айтқан, сол арқылы жұқпалы аурулар, соның ішінде коронавирус оңай таралады.

Медеу ауданының мониторингілік тобы 10-нан 11-ші маусымға қараған түні Жібек Жолы даңғылындағы Bacha түнгі клубында заң бұзушылықты анықтады. Мекемеде 80-ге жуық адам болған. Келушілер әлеуметтік қашықтықты сақтамады.

Оларды жауапкершілікке тарту туралы шешімді аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қабылдайды.

Тағы бір заң бұзушылық Бостандық ауданындағы «Вивальди» караокесінде болды. Көңіл көтеретін орын түнгі сағат 2.00-ден кейін жұмыс істеп, белгіленген жұмыс режимін бұзған.

Айта кетейік, жыл басынан тәртіп бұзушыларға қатысты 74 материал сотқа берілді. Осы жылы Алматыда 20 наурыз бен 11 маусым аралығында белгіленген шектеулерді бұзған 1112 жағдай анықталды.

Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын карантин режимін қатаң сақтауға, түнгі клубтарға, рестобарларға, салтанатты іс-шараларға, тойларға, адам көп жиналатын жерге бармауға шақырады.


Соңғы жаңалықтар