Алматыда қар тазалауға 619 техника жұмылдырылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы көшелерінде көктайғақтың алдын алу мақсатында коммуналдық қызмет өкілдері 23 тонна құм мен тұз қоспасын сеуіп шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қалада бүгін түскі сағат 13:00-дер шамасында ылғал қар жауа бастады. Қаланың коммуналды қызметтері көктайғақтың алдын алу мақсатында қала көшелеріне 23 тонна құм мен тұз қоспасын сеуіп шықты.

Тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, ортақ пайдалану орындарын тазалау бойынша жұмыстар ұйымдастырылды.

Қарды тазалауға 619 техника, оның ішінде 203 құмшашқыш және 1 410 жол жұмысшысы жұмылдырылды.

Аудан әкімдіктері мен қала әкімдігінде қар тазалау жұмыстарының өндірісін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

Қазгидрометтің болжамы бойынша ертең түске дейін аздаған жауын-шашын күтіледі.

Ауа температурасы түнде 4 градусқа дейін суытса, 30 қаңтарда күндіз 0 градус шамасында болады.


Соңғы жаңалықтар