Алматыда қар тазалау жұмыстары басталды
2022 жылғы 19 қаңтар 23:25

Алматыда қар тазалау жұмыстары басталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін сағат 16.15-тен бастап Алматыда қар жауа бастады. Сағат 21.00-де қаланың жоғарғы бөлігінде қардың мөлшері 6-8 см-ге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімдігі таратқан мәліметке сәйкес, қалада көктайғақтың алдын алу мақсатында жолдарға қар ерітетін материалдар себілуде. Қазіргі уақытта осы материалдың 1100 тоннасы пайдаланылды.

Таулы және тау бөктеріндегі жерлерде, сондай-ақ, негізгі магистралды көшелерде қар күреу жұмыстары басталды.

Сондай-ақ, тротуарларды, жаяу жүргіншілер жүретін аймақтарды, қоғамдық көлік аялдамаларын, көпшілік пайдаланатын орындарды тазалау бойынша жұмыстар ұйымдастырылды.

Түнгі уақытта 535 бірлік техника, оның ішінде 208 құмшашқыш және 338 жұмысшы жұмылдырылады.

Аудан әкімдіктері мен қала әкімдігінде қар тазалау жұмыстарының өндірісін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.

Қазгидрометтің болжамы бойынша, қар аралас жауын-шашын 20 қаңтарда түске таман аяқталуы тиіс.

Ауа температурасы бүгін түнде 0,-2 градус, 20 қаңтарда күндіз +1, +3 болады деп күтілуде.



Jańalyqtar

MURAǴAT