Алматыда қар тазалау бойынша тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылды
Айта кету керек, 16 ақпанда таңғы 3:00-де Алматыда жауын басталған болатын. Жауынның арты қарға ұласты. Осылайша қалаға 18 см қар түсті. Таулы аймақтардағы қардың қалыңдығы 90 см жетті.
Осыған байланысты әкімдік 8 аудан әкімшілігімен біріге отырып тәулік бойғы кезекшілік бекітті.
«Көктайғақты болдырмау мақсатында қала көшелеріне 6911 тонна құм себілді. Бүгінде қар 2450 көшеден шығарылып жатыр. Оның ішінде 219 көше - магистралды, 171 – аудандық, 1928 көше жергілікті болып отыр. Жалпы ұзындығы 2718 шақырым жол мен 1264 шақырым тротуар қардан тазаланып жатыр», - деді Диас Ахметқалиев.
16 ақпанда жол полициясы колоннасының қатысуымен қар күреу жұмыстары басталды. Оған 600 арнайы техника мен 2500 жұмысшы жұмылдырылды.
Алматыда қардың қалың түсуінен электр желілері үзілген. «16-17 ақпан аралығында «Алатау жарық компаниясы» МКК диспетчерлік пультіне 201 өтініш түскен. Оның 164-і бойынша мәселе шешілді. Ал 37 өтінім қаралып жатыр. Электр желілерін жөндеуге «АЖК» мекемесінің 9 техникасы, 90 қызметкері жұмылдырылды», - деді «Алматы құтқару қызметі» мекемесінің өкілі Дмитрий Чухонцев.