Алматыда қар күреуге 969 арнайы техника мен 1370 жұмысшы тартылды – әкімдік

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қысқы уақытта қала аумағында қар күреуге 10 мердігер ұйым жұмылдырылады. Оларда көктайғаққа қарсы материалды себуге, тырмалауға, қар тиеу мен шығаруға арналған 969 бірлік арнайы техника мен 1370 жұмысшы бар. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қысқы уақытта Алматы қаласының 70% аумағындағы қарды «Алматы Тазалық» кәсіпорны тазалайды (709 техника, 892 жұмысшы). Бұдан бөлек, өткен жылы «Алматы Тазалық» үшін қосымша бульдозер, көктайғаққа қарсы сұйық реагенттерді себуге арналған аспалы жабдығы бар, Швейцарияда жасалған үш комбинациялық жол көлігі және қар шығаруға арналған 13 самосвал сатып алынған.


Сонымен қатар, бюджет қаражаты есебінен «Алматы Тазалық» МКК үшін көктайғаққа қарсы аспалы жабдығы бар КамАЗ 65116-6010-48 жүк автомобильінің шассиіне арналған комбинациялық үш жол көлігі сатып алынды. Оның бірі «Алматы Тазалық» МКК-ның Бостандық ауданының бөліміне табысталды. «Алматы Тазалық» мекемесінің Бостандық ауданы бойынша бөлім басшысының орынбасары Айдын Шолтықовтың айтуынша, аталмыш көліктер қар жауғанға дейін немесе қар жауған кезде сағатына 40 шақырымға дейінгі жылдамдықпен келе жатып, ені 5-тен 11,5 метрге дейін жол төсеміне көктайғаққа қарсы реагенттерді шашады.

«Бұл көліктерде көлемі 10 м3 сыйымдылық орнатылған, оған NaCl химиялық реагентінің 24 пайыздық ерітіндісі құйылады. Ауа температурасы мен қардың жауу қарқынына байланысты 1 кв.м жерге 10-нан 50 гр-ға дейін ерітінді жұмсалады. Яғни, 1 кв.м-ге 12 гр-нан аспайтын тұз жұмсалады, бұл жол өңдеудің дәстүрлі әдісіне қарағанда бірнеше есе аз. Ерітіндінің бір жүктемесі үш жолақты жолдың 23 шақырымына жетеді. Сондай-ақ аталмыш көліктерде жаз уақытында жолдарды суару жабдықтары мен дөңгелек тоқтататын білеуді, «джерсиды», қоршауларды және жолдың басқа да жол элементтерін тазалауға арналған тік щеткасы бар», - деді Айдын Шолтықов.

Сондай-ақ әкімдікте қысқы тазалау технологиясына сәйкес, қала көшелері қалай тазаланатынын мәлімдеді.


«Көшелерді қысқы тазалау технологиясына сәйкес, жолдардың жүріс бөлігін көктайғаққа қарсы материалдармен (КҚМ) өңдеу - қар жауған соң 20-40 минут аралықты сақтай отырып, КҚМ-ды себуге жеткілікті қар қабаты пайда болған кезде бекітілген маршруттар бойынша жүзеге асырылады. КҚМ себу уақыты - 3 сағат. Қарды сыпыру - асфальтқа жабыспайтын борпылдақ қар массасы пайда болған соң жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта әр ауданда екі колоннадан жұмыс істеп жатыр. Сыпырудың ұзақтығы - 3 сағат. КҚМ себу әрбір қалыңдығы 5 см жаңа жауған қардан кейін жүзеге асырылады, кейін қайта қар тырмаланады. Бұл технология сақталмаған жағдайда жолдарда мұз пайда болады. Сондықтан көктайғақ құбылыстарын болдырмау үшін қардың КҚМ-мен араласуын және борпылдақ қар массасы пайда болуын күту керек, ол жол жиегіне оңай сыпырылады.


Ауа температурасына байланысты жай тілмен айтқанда»ботқаның«пайда болу процесі бірнеше сағатқа созылады. Қар тырмаланған соң, қар үйінділері пайда болады. Ары қарай әр аудан бойынша бірінші кезектегі көшелерден қар шығару, қардаң соң жол жиегінің бөліктерін тазалау, мұзды ұсату және қар-мұз түзілімдерін жинау жүргізіледі. Қарды шығару жұмыстары үш тәулік бойы жүргізіледі. Күндізгі уақытта автокөліктің көп қозғалысына байланысты қардың негізгі көлемі түнгі уақытта шығарылады.

Қазіргі уақытта қолда бар арнайы техника қарды тазалауға белгіленген нормативтерді сақтауға жеткілікті. Алайда, қалың қар жауған кезде қарды уақытылы шығару мақсатында 150 бірлікке дейін самосвал мен тиегіштер, сондай-ақ, келісім-шарттар жасасқан құрылыс ұйымдарынан мың адамға дейін жол жұмысшылары қар тазалау жұмыстарына тартылады», - деп хабарлады әкімдікте.

Еске салайық, Алматыда қалың қар жауып, көктайғақ болатыны туралы қалалық ТЖД ескерту жасаған болатын.



Фото: Әкімдіктің баспасөз қызметі



Соңғы жаңалықтар