Алматыда қант тапшылығы қолдан жасалып отыр - әкімдік

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қант ақшаға құныққан алыпсатарлардың әрекетінен қымбаттап жатыр. Бұл туралы қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы күн сайын барлық супермаркеттердегі, дүкендер мен базарлардағы азық-түлік тауарларына мониторинг жасайды. Нарықты күнде бақылап отырған мамандардың айтуынша, соңғы апта ішінде қант бағасы негізсіз көтерілген.

«Қант бағасының көтерілуі алыпсатарлық сипатқа ие. Қанттың тапшылығы туралы ақпараттарды ести сала, жеткізушілер мен өткізушілер базардағы бағаны әдейі көтеріп жіберген. Алыпсатарлар қолдан тапшылық жасап отыр» - деді тамақ өндірісі бөлімінің басшысы Дамир Тазабек.

Олардың айтуынша, қант бағасын тек ұсақ делдалдар мен алыпсатарлар көтерген. Анықталғандай, өнімнің өзіндік құны 40% дейін асырылған.

Ал ірі сауда орындарында қант бағасы көтерілмеген. Себебі, Алматы тұрақтандыру қоры бағаны реттеуге тырысып отыр.

Тұрақтандыру қоры тауар интервенциясын жоспарлы жүргізуде. Оның үстіне, қор отандық өндірушілерден тағы 1,5 мың тонна қант сатып алмақ.

Атап өтілгендей, супермаркеттерде әлеуметтік мәні бар тауардың көтерме бағасы небәрі 11% артқан. Қазіргі кезде қаладағы қанттың орташа бағасы 245 теңге тұрады. Алматыға жеткізілетін өнімнің әр тоннасы - 220 мың теңге.

Еске салсақ, 1 қазаннан бастап Алматы және Жамбыл облыстарында 150 мың тонна қант өндіретін 3 зауыт  іске қосылады. Демек, қант тапшылығы мен оның бағасының  көтерілуіне еш негіз жоқ.

Бұдан өзге, қазірдің өзінде қала қорларында 10492 тонна қант бар. Олардың 1,5 мың тоннасы - қоймаларда, 4 мың тоннасы - кәсіпорындарда,  2236 тоннасы - уақытша сақтау алаңында, 2756 тоннасы қалаға жеткізілу үстінде. 

Соңғы жаңалықтар