Алматыда қанша көпбалалы ана тұрады

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында бүгінде 26 018 көпбалалы ана тұрады. Оның ішінде 4 946-сы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері. Бұл туралы қала әкімдігінің ҚазАқпарат агенттігінің ресми сауалына берген жауабында айтылды.

Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, Алматы қаласының Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы халықтың әлеуметтік осал топтарын, оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау бойынша әлеуметтік жобаларды іске асыруда.

Қалада «бір терезе» қағидаты бойынша көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған қалалық және 8 аудандық «Бақытты отбасы» орталығы жұмыс істейді.

Бұл орталықтың негізгі мақсаты көпбалалы отбасылардың өмір сүру сапасын арттыру, Алматы қаласында тұратын азаматтардың экономикалық дербестігі мен өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін жеке мотивациясын нығайту болып табылады.

Орталық қызметі: мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру; демалыс, коммуникация үшін инфрақұрылым құру; отбасы мүшелерін қосымша дағдыларға үйрету, оның ішінде өзін-өзі ішінара жұмыспен қамтыған шағын бизнесті ұйымдастыру; жұмысқа орналасуға жәрдемдесу; заң және психологиялық консультацияларға қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Еске салсақ, Алматыда жыл басынан бері 696 адам көпбалалы отбасы мәртебесіне ие болды. Оның 318-і көпбалалы отбасылар үшін тағайындалатын жәрдемақыны проактивті форматта алғанын жазғанбыз.


Соңғы жаңалықтар