Алматыда қандай нысандардың қоршауы сақталады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігі қоршауларды алып тастау бойынша жұмыстарға белсене кірісті. Алайда кейбір нысандарда қоршау сол қалпы қалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы мәлім еткендей, тек қоғамдық пайдалануға кедергі келтіріп отырған қоршаулар ғана алынып тасталады.

Мәселен, саябақ, сквер, аяқжол, үй айналасындағы қоршаулар, бизнес орталықтардағы, сауда орындарындағы қоршаулар бұзылады.

Негізгі мақсат орталық және магистральды көшелердегі қоршауларды алып тастау болып отыр. 

«Қоршаусыз қала» акциясына барлық ЖОО-лар қосылады.

Алайда кей оқу орындарының алдындағы шлагбаумдар қалады. Себебі, бұл оқытушылар мен студенттерге арналған тұрақ орындарын ажыратуға  қажет.

«Қаладағы қоршауларды алып тастау мегаполистің сырт келбетін жақсарта түседі. Сондай-ақ азаматтарға қоғамдық орындарды аша түседі. Алайда, бұл барлық нысандардың қоршауы алынып тасталады деген әңгіме емес. Мектеп, балабақша, басқа да күзетуді талап ететін әлеуметтік нысандардың қоршауы бұзылмайды. Енді аталған қоршауларда бейнекамералар орнатылады»,- деді басқармадан.

Бүгінде білім беру ошақтарының қоршаулары бұзылып жатқан жоқ.

ҚР Құрылыс нормалары мен ережелері бойынша орта білім беру нысандарының жер телімдері биіктігі  1,5  метрден кем болмайтын дуалмен қоршалуы тиіс. Сондай-ақ дуалдың кіреберісінде оқушылардың сыртқа жол үстіне жүгіріп шығуына кедергі келтіретін құрал болуы шарт.

«Құқық қорғау органдары, ІІБ, прокуратура, әскери бөлімдер орналасқан ғимараттардың қоршауы алынбайды. Себебі, мұнда қару-жарақ бар»,- деді басқарма өкілдері.

Сонымен қатар, қоршауы алынбайтын нысандардың бірі - Ботаникалық бақ болмақ.

«Біріншіден, бұл нысан ҚР БҒМ ботаника институтының қарамағында, екіншіден, мұнда сирек кездесетін өсімдіктер өсіріледі», - деді мамандар.

Қала әкімдігі басқа нысандардағы қоршауларды бұзу жұмыстары жалғаса беретінін айтты.

Тек қана қоршау емес  ескі діңдер, жарнама тақтайшалары, ескі бағаналар алынып тасталады.

Соңғы жаңалықтар