Алматыда қандай мамандар жетіспейді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласын дамыту орталығы қалық цифрландыру басқармасымен бірлесе отырып мегополис тұрғындарының жұмыспен қамтылуына талдау жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, 2020 жылдың 3-тоқсанында Алматыда күзетші (702 бос жұмыс орны), әлеуметтік қызметкер (629 бос жұмыс орны) және дәнекерлеуші (567 бос жұмыс орны) ең тапшы мамандықтар болды. Тым артық мамандықтар қатарында жалпы хирург дәрігер (64 түйіндеме), терапевт дәрігер (63 түйіндеме) және шет тілі мұғалімі (58 түйіндеме) бар.

Жалпы аталған кезеңде www.enbek.kz электрондық еңбек биржасының білікті еңбек бөлімінде Алматы бойынша 19,3 мың бос жұмыс орны орналастырылды, оның ішінде өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да ұқсас кәсіп жұмысшылары үшін 5 мың бос жұмыс орны, кәсіби мамандар үшін 4,3 мың бос жұмыс орны, әкімшілендіру саласындағы қызметшілер үшін 3,2 мың бос жұмыс орны.

2020 жылдың 9 айы ішінде барлығы 56,2 мың жұмыс орны, оның ішінде шағын және орта бизнес субъектілері (24,3 мың), «Еңбек» бағдарламасы (17,7 мың) мен Жұмыспен қамтудың жол картасы (9,2 мың) аясында құрылды.

2020 жылы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жалғасты.

Бірінші бағыт шеңберінде 2020 жылдың 9 айы ішінде 9-11 сыныптардың 8,3 мың түлегі, оның ішінде 2017 жылдан бастап оқуын жалғастыратын, өмірлік қиын жағдайда жүрген, аз қамтылған отбасы мүшелері мен азаматтардың өзге де санаттары техникалық және кәсіптік біліммен қамтылды.

2020 жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 1005 адам қамтылды. 2017 жылдан бастап қамту 8,4 мың адамды құрады. Қысқамерзімді кәсіптік оқыту 25 мамандық бойынша жүргізіледі: 3 айлық оқыту – автоэлектрик, автослесарь, арматурашы, веб-дизайнер, визажист, тас қалаушы, жиһаз жинақтаушы, бақылаушы-кассир, сырлаушы, маникюр шебері, ағаш және жиһаз цехының шебері, ЭЕМ операторы, даяшы, наубайшы, балташы, аспаз, тігінші, сылақшы, көлік жөндеуші, экскурсия жетекшісі, электрик, электргазбен дәнекерлеуші, 4 айлық оқыту – екінші разрядты тігінші.

Екінші бағыт шеңберінде бизнес жобаларды іске асыратын немесе іске асыруды жоспарлайтын жұмыссыздарға және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға микрокредиттер беріледі. 2020 жылдың 9 айы ішінде 594 млн теңгеге 39 жоба қаржыландырылды.

Бұдан бөлек, аталған бағыт шеңберінде 947,3 млн теңгеге 1705 грант берілді.

Үшінші бағыт шеңберінде 2020 жылдың 9 айында жүгінген азаматтарға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді:

– әлеуметтік кәсіптік бағдарлау, мамандық таңдауға көмектесу, оқыту және жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша кеңестер – 6 мың адам (2017 жылдан бастап – 13 мың адам);

– тұрақты жұмыс орындарына орналастыру – 24,8 мың адам (2017 жылдан бастап – 78,3 мың адам);

– әлеуметтік жұмыс орындарын құру – 1158 адам (2017 жылдан бастап – 4,4 мың адам);

– жастар практикасын ұйымдастыру – 1337 адам (2017 жылдан бастап – 4,9 мың адам);

– қоғамдық жұмыстар ұйымдастыру – 15,2 мың адам (2017 жылдан бастап – 24,5 мың адам).

2020 жылдың шілдесінде Алматы қаласы Цифрландыру басқармасы мен Алматы қаласы Жұмыспен қамту орталығы Coursera компаниясымен 5 мың адамға әлемнің жетекші компаниялары мен университеттерінен тегін курстардан өту мүмкіндігін беру туралы келісімге қол қойды.

Бүгінде 3,5 мыңнан астам адам coursera.org – әлемге әйгілі онлайн оқыту платформасында білім алып, біліктілігін арттырды.

Сұранысқа ие курстардың ондығына Communication, Computer Programming, Mathematics, Probability and Statistics, Statistical Programming, Data Analysis, Leadership and Management, Entrepreneurship, Theoretical Computer Sciences және Finance кіреді.


Соңғы жаңалықтар