Алматыда кәмпитке қақалған бүлдіршінді дәрігерлер құтқарып қалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда тамағына кәмпит тұрып қалған 2 жасар бүлдіршін, есінен танып қалған. Оның №11 емхана дәрігерлері аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқыс оқиға 19 шілдеде болған. 2 жастағы Әли тас кәмпит жеп жүргенде тамағына тұрып қалған. Бірер минуттан соң бала демала алмай, есінен танып қалған.

Әлидің анасы Аида Барлыбаева жедел жәрдемді күтпестен бірден №11 емханаға жүгіріп кірген.

Емхананың фельдшері Сализ Дулазов пен терапия бөлімінің меңгерушісі Назым Күшікбаева балаға шұғыл көмек көрсетуге кіріскен.

Баланың тамағынан бөгде зат алынған соң бүлдіршін есін жиды.

«Есінен танған баланы көргенде бірден көмекке келдік. Әли механикалық асфиксиядан талып қалған. Мен шпательге жүгіріп кеттім. Бала бізге келгенде демалмай келді. Сондықтан, біз шұғыл шараларға кірістік. Кәмпит көлемі үлкен болған. Оны алып шыққан соң бала тыныс ала бастады. 4 минуттан соң қозғалды. Баланың аты-жөнін білмейміз. Ешқандай мәлімет тексеретін уақыт болмады», - деді дәрігер Назым Күшікбаева.

Емханадан баланы жедел жәрдем каретасы алып кеткен.

Аида Барлыбаева кейін ұлын ертіп емханаға келіп, дәрігерлерге алғысын білдірді.

«Балам үйде болатын, мен дүкенге шығып кеткем. Келсем қақалып отыр. Өзім кәмпиттті алып шыға алмадым. Тез емханаға алып келдім. Дәрігерлер жедел әрекетке кірісті. Небәрі 5 минутта баламды құтқарып қалды. Басқа аналарға айтарым, балаларға қатты зат, кәмпит, чупа-чупс бермеңіздер, балаңыздан қарыс қадам ұзап кетпеңіздер дегім келеді», - деді Аида Барлыбаева.

Дәрігерлердің айтуынша, кішкентай балалар арасында қақалып қалу жиі кездеседі. Тіпті қағаздың өзіне тұншығып қалуы мүмкін. Көбінесе балалар ойыншықтың бөлшектерін, түйме, тиын жұтып қояды.

«Анасы баласын көтеріп жүгіріп кіргені есімде. Тамағындағы бөгде затты алу керек болды. Біз кез келген жерден осындай шұғыл шараларға дайын болуымыз керек», - деді № 11 емхана фельдшері Сализ Дулазов.

Соңғы жаңалықтар