Алматыда камералардың көмегімен 1,5 мыңға жуық қылмыс ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда бейнебақылау камераларының көмегімен 1,5 мыңға жуық қылмыс ашылды. Бұл туралы тікелей эфир кезінде Бақытжан Сағынтаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімі қаладағы полицияның техникалық жабдықталуы мен бейнебақылау желісінің көбеюі қылмысты ашуға оң әсер еткенін жеткізді.

«Қазір жаңа техниканы қолданбай қылмыспен күресу мүмкін емес. Сондықтан полиция органдарын жабдықтауға ерекше назар аударылып отыр. Қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз ететін полиция қызметкерлеріне видеорегистраторлардың 529 жаңа буыны сатып алынды. Жақын арада барлық полиция қызметкерлеріне осындай видеорегистраторлар беріледі»,-деді әкім.

Сонымен қатар ол 1 мыңнан астам электронды планшет сатып алынғанын, соның арқасында хаттамалар мен құжаттарды толтыру уақыты едәуір қысқарғанын айтты. Егер бұрын хаттаманы толтыруға 30-40 минут кететін болса, қазір бұл уақыт 5-7 минутқа дейін қысқарған.

«Бүгінде қалалық Полиция департаментінің жедел басқару орталығында 4 мың бейнебақылау камераларының көмегімен мониторинг жүргізілуде. Жыл басынан бері камералардың көмегімен 1425 қылмыс ашылды, 780 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бейнемониториг жүйесінің жобасы әзірленуде, оның аясында қаланың қоғамдық орындарында 3 мың камера орнатылады»,-деді Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар, ол «102» мобильді қосымшасы жасалғанын тілге тиек етті. Енді кез-келген азамат қосымша арқылы онлайн қоңырау соғып, болған оқиға туралы хабарды тарата алады.


Соңғы жаңалықтар