Алматыда камералар көліктің орташа жүріп өткен жылдамдығын анықтайды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы көшелерінде жаңа бейнебақылау жүйесі іске қосылады. Енді камералар көліктердің орташа жылдамдығын анықтайтын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, «Жол қозғалысы қауіпсіздігі» автоматтандырылған видеобекеттерге бірқатар техникалық өзгерту енгізіледі. Енді камералар көліктің жақындап қалғандағы ғана емес, жолдың белгілі бір бөлігіндегі жүріп өткен орташа жылдамдығын да есептеп шығарады.

«Жылдамдықты асырудың салдарынан қалада жиі жол апаты болып тұрады. ДСҰ мәліметтеріне сәйкес, жылдамдықты 1 километрге төмендету апаттардан болатын жарақаттарды 3% азайтады. Қазіргі қолда бар бекеттердің мүмкіндігі шектеулі екені рас. Камералар көлік жақындап қалғандағы жылдамдықты ғана түсіреді. Жүргізушілердің көпшілігі камераға жақындап қалғанда ғана жылдамдықты азайтады», - деді департаменттің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Негізінен жылдамдық V = S/T формуласы арқылы есептеледі. S - екі видеопост арасындағы қашықтық, Т - сол қашықтықты жүріп өткен уақыт.

Полиция департаментінің хабарлауынша, бұл үздік тәжірибе қазір ЕуроОдақ елдерінде, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Ресей елдерінде жүзеге асып келеді.

Айта кету керек, Алматы билігі 2016 жылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жол қозғалысын бақылау үшін 1 мыңнан астам камера орнатқан болатын.
Олардың ішіндегі ең жетілген түрі «Сергек» камералары биыл тамызда орнатылды. Жыл соңына дейін бағдарлама тестілік режімде жұмыс жасап тұрады. 2019 жылдың басынан бастап «Сергек» камералары жүргізушілердің барлық құқықбұзушылығын тіркейтін болады.
Қалалық полиция департаменті хабарлағандай, «Қауіпсіз қала» жүйесіндегі бейнекамералардың көмегімен ашылған қылмыстардың саны арта түскен. 

Соңғы жаңалықтар