Алматыда «Қамалы бекем,халқы қайсар - Отырар» атты көрме ашылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында, сондай-ақ Отырар қорғанысының 800 жылдығына орай Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі «Қамалы бекем, халқы қайсар - Отырар» көрмесін ұйымдастырды. Көшпелі көрме Алматыға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрмеге келушілер Отырардың көне тарихымен кеңінен танысуға мүмкіндік алады. Мұнда орта ғасыр мен Қазақ хандығына дейінгі аралықты қамтитын археологиялық материалдар бар. Көрермендер назарына шыны мен мыстан жасалған 200-ге жуық жәдігер қойылды.

Отырар-әлемдік өркениетте өзіндік үлесі бар, тарихы терең, табиғаты көркем, төсінде сұлу Сыр мен ерке Арыс қатар аққан, Ұлы Жібек жолы бойындағы құтты мекен.

Сондай-ақ ежелгі заманнан-ақ бүкіл шығысқа кеңінен танымал Үнді, Қытай, Византия, т.б. мемлекеттермен үнемі ғылыми, мәдени, экономикалық, дипломатиялық байланыстарда болып, қалаларында ғылым мен мәдениет, сауда, өндіріс, далаларында егін, мал шаруашылығы қатар дамыған аймақ.

Тарихи деректерге сүйенсек, Отырардың алғашқы топографиялық сұлбасы 1903 жылы түсірілді.Отырарды зерттеу 1904 жылдары А.Кларенің басшылығымен жүргізілген алғашқы ғылыми негіздегі қазба жұмыстарынан басталады.

1947 жылы Оңтүстік Қазақстанда орналасқан ескерткіштерді зерттеу қолға алынып, сол кездегі Тарих, археология және этнография институты мен материалдық мәдениет институтының Ленинградтық бөлімі бірлесе отырып Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясын құрды.

Отырардағы археологиялық қазба жұмыстары мен зерттеулер нәтижесінде табылған, тарихи мұралар ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту және археологиялық ескерткіштерді қорғау мекемесі «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі» РМҚК қорында жинақталды.

Көрме төрт бөлімнен тұрады.

І-бөлімде музей қорындағы археологиялық материалдардың ерте ортағасырлық үлгілері ІІІ-VIII ғғ. тән түпнұсқа жәдігерлер мен деректік материалдар құрайды.

ІІ-бөлімде Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігіндегі қала мәдениетінің дәуірлеген кезіндегі Отырар, яғни ІХ-ХІІ ғғ. Отырардың тыныс-тіршілігін баяндайтын еңбектер қорытындылары мен сол кезеңдерден жеткен археологиялық материалдар жинақталған.

ІІІ-бөлімде ХІІІ ғасырдағы Отырардағы дүрбелең, моңғол шапқыншылығы кезіндегі Отырардың тіршілігі және осы кезеңдерге тән жәдігерлер, ІV-бөлімде Отырардың қайта бой көтеруі. Билеуші Әмір -Темір дәуірінен бастап Қазақ хандығы тұсындағы Отырардың даму кезеңдерінен хабар беретін бірегей, түпнұсқа заттар мен деректер қамтылған.


Соңғы жаңалықтар