Алматыда қалай баспаналы болуға болады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Нұр Отан» партия филиалының баспасөз орталығында мамандар Алматыда қалай пәтер алуға болатыны жөнінде айтып берді,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдыңғы жылдармен салыстырғанда бүгін қазақстандықтарға  баспаналы болуға  бірнеше мүмкіндік бар. «Нұрлы жер» жəне «Алматы жастары» секілді ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылуда. 7-20-25 бағдарламасының іске асырылуы бұл тұрғыда үлкен серпін береді»,- деді «Нұр Отан»  партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Станислав Канкуров. 

Мамандар баспаналы болудың тиімді жолдарына тоқтала кетті.

Шараға қатысқан «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, қазіргі таңда жинақтау жүйесі бойынша «Алматы жастары» бағдарламасы, «Нұрлы жер», «Өз үйім» бағдарламасы бойынша баспана алуға болады. Алайда, банктің қоятын бірқатар шарты бар.

«Алматы жастары» бойынша клиенттің (отбасы болса, екеуінің де) жасы 35-ке толмауы керек. Әрі Алматыда тұрғылықты мекенжайға 1 жыл тіркеуде болуы тиіс. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша клиенттің 3 жылдық тұрғылықты мекенжайы болуы шарт. Сонымен қатар, адамның атында соңғы 5 жылда баспана тіркелмеген болуы тиіс. «Өз үйім» бағдарламасы бойынша тұрғылықты мекенжай болуы шарт емес. Пайыздық мөлшерлеме 8,5%-дан 7%-ға түсті», - деді Ләззат Ибрагимова.
null

Оның айтуынша, аталған банк «7-20-25» бағдарламасы бойынша шарттарды «Баспана» арнайы компаниясымен келісіп жатыр. Әзірге құжат қашан дайын болары белгісіз.

Ал «Баспана» ипотекалық компаниясы төрағасы Қайрат Алтынбековтің айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 1 ай көлемінде жалпы сомасы 15 млрд теңге көлемінде несиеге өтінім түсті. Оның ішінде 10 млрд теңгенің өтінімі мақұлданды.

«Аталған бағдарламаға сұраныс өте жоғары. Яғни, егер адам 12 млн теңгенің баспанасын сатып аламын десе, оның 20 пайызын, яғни 2 млн теңгесін алдын ала құяды. Қалған 10 млн теңге 20 жылға 7 пайызбен беріледі. Яғни, айлық төлем 71 мың теңге болады. Біз 5 жылда «7-20-25» бойынша 1 трлн теңгенің займын беруді жоспарлап отырмыз», - деді Қайрат Алтынбеков.

Оның айтуынша, бағдарламаға қатысудың басты шарты - атыңызда баспана әрі ипотекалық несие болмауы қажет.

«Егер, атыңызда баспана болған болса, сіз оны сатып жіберіп немесе біреуге аударып жіберіп, келесі күні келсеңіз де банк сіздің өтінішіңізді қабылдайды. Ең бастысы шарт жасасқан кезде атыңызда үй тіркеліп тұрмауы қажет», - деді Қайрат Алтынбеков.

Айта кетсек, ҚР Ұлттық банкі төрағасы аталған бағдарламаның операторы «Баспана» ипотекалық ұйымы  болатынын 5 мамырда айтқан еді. Ұлттық банк бекіткен бағдарлама бойынша ипотекалық несие 7% жылдық мөлшерлемемен 25 жылға беріледі. Келесі шарттарының бірі - алғашқы салым 20% болмақ. Жаңа ипотекалық зайымдарды кез-келген Қазақстан азаматы ала алады. Ол үшін ең басты шарт - адамның басында жылжымайтын мүлкі болмауы керек. Бағдарлама бойынша Қазақстанның кез-келген өңірінен Алматы, Астана, Атырау қалаларынан ең максималды 25 млн теңгеге, қалған өңірлерде 15 млн теңгеге баспана сатып алуға болады.

Клиенттер Банк Центркредит, Еуразия банкі, АТФ банк, банкRBK, Халық банкі, Цеснабанк, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы несие ала алады.  Жыл соңына дейін бұл тізімге Сбербанк пен Forte банк қосылуы мүмкін.

2018 жылдың 9 тамыздағы ахуалға сәйкес қалада жалпы құны 6,6 млрд теңге болатын 522 өтінім берілген. Барлығы 312 өтінім мақұлданды. Ал, жалпы Қазақстан бойынша 315 өтінім бойынша несие берілді. Оның 128-і Алматы тұрғындарына берілді. Бұл республика бойынша 44 пайызды құрайды.

Соңғы жаңалықтар