Алматыда қаланың экологиялық жағдайы талқыланды

None
None
АЛМАТЫ. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалының ғимаратында Әлеуметтік шиеленістерді қарастыру мен шешу жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып өтті.

Кеңес аясында Алматы қаласының экологиялық жағдайы қаралды. Атап айтқанда, автокөліктен шығатын газдардың атмосфералық ауаны ластауы, өкілетті органдардың рұқсатынсыз жасыл желектердің жойылуы жайлы мәселелер көтерілді.

Қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Амангелді Каримуллиннің айтуынша, Алматы қаласының экологиясы қазіргі уақытта қала тұрғындары көтеріп отырған ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Осыған орай Кеңеске Алматы қалалық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Сұлтанбек Мәкежанов арнайы шақырылған.

С. Мәкежановтың сөзіне қарағанда, өткен жылдан бері басқармаға қалдықтар мен қаланың санитарлық жағдайы, арық жүйесі және бұл саладағы аудандық жұмыстарын үйлестіру жұмыстары қосылған.

Басқарма басшысы атап өткендей, мекемеде бірнеше бағыттар бойынша жұмыстар жүргізіледі. «Мәселен, қала суаттары мен өзендерді тазалау мен жақсарту жұмыстарына арналған бағдарлама бойынша 2011 жылы Алматы өзендері мен көл маңдарына демалыс орындарын жасауды жоспарлап отырмыз. Ал Сайран көлін жазда суға түсетін, қыста мұз айдыны ретінде қолдану жайын қарастырып жатырмыз. Осы сынды демалыс орындары Қонаев атындағы үлкен Алматы су арнасында және тағы басқа да өзен арналарында жасалатын болады», - деді Сұлтанбек Мәкежанов.

Ол жиында арық жүйесіне қатысты түйткілдер бар екендігін айтты. «Қаладағы көп арықтар жөндеуді қажет етеді. Алдағы уақытта бұл мәселені шеше отырып, арық жүйесін дамытсақ, ағаштар мен гүлдерді көлікпен суарудан құтылатын боламыз. Ол суды үнемдеуге ықпал етеді»,- деді басқарма бастығы.

Соңғы жаңалықтар