Алматыда қалалық спорт басқармасының бұрынғы 3 қызметшісі сотталды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласы Медеу ауданының № 2 сотында қалалық спорт басқармасының бұрынғы қызметкерлеріне қатысты іс қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық сотының мәліметінше, 2020 жылғы қараша – 2021 жылғы желтоқсан аралығында Спорт басқармасы қалада кешенді спорттық бағдарламаларды іске асыру бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізген.

Спорт басқармасының басшысы қаржы-экономикалық және жоғары жетістіктер спорты бөлімдерінің басшыларымен алдын ала сөз байласып, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып, қызметтерді жоғары бағамен сатып алған, сондай-ақ іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға ақы төлеген.

Сондай-ақ, ЖШС директоры бірқатар іс-шараларды өткізуге басқарма тарапынан рұқсат алып, марапаттау өнімдерін, спорттық жабдықтарды сатып алу шығындарын асыра бағалау және бірқатар іс-шараларды орындамау арқылы спорттық жарыстарды өткізуге бөлінген бюджет қаражатын ұрлағаны анықталды.

«Сот жаза тағайындау кезінде жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, кінәлілердің жеке басын, оның ішінде қылмыс жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлықтарын ескерді. Соттылықтың болмауы, жас балаларының болуы секілді жеңілдететін жағдайлар ескерілді. Айыпты ауырлататын жағдайлар анықталмады», - делінеді хабарламада.

3 мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салына отырып, 3 жылдан 4 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. ҚР Президентіне Спорт басқармасы басшысының «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік марапатынан айыру туралы ұсыныс енгізілді.

«ЖШС директорына 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталғандардан мемлекет кірісіне 330 млн теңге сомасында материалдық залал өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлады қалалық сотта.

Еске салсақ, Алматы қаласы спорт басқармасының бұрынғы басшысы 4,5 жылға сотталғаны туралы хабарлағанбыз.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласы Спорт басқармасының лауазымды тұлғалары 360 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілінген болатын.

Кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі Алматы қалалық спорт басқармасының бұрынғы басшысына және басқа адамдарға қатысты 367,5 млн теңге ұрлау фактісі бойынша тергеу аяқталғанын хабарлаған еді.


Соңғы жаңалықтар