Алматыда Қала құрылысы кеңесі құрылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Ерболат Досаев Алматының Қала құрылысы кеңесін құру туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл 30 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алматы қаласының айрықша мәртебесі туралы» ҚР Заңына, оның ішінде Қала құрылысы кеңесін құру туралы ережені қамтитын түзетулерге қол қойды. Құжат мақсаты – қала құрылысы саясатын іске асыру кезінде шешімдер қабылдаудың тиімділігін арттыру және қаланың орнықты және теңгерімді дамуын қамтамасыз ету. Заң алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң, яғни 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

1 тамызда Алматы әкімі Е. Досаевқа Қала құрылысы кеңесін құру жөніндегі құжаттардың жобасы ұсынылды және қаулыны, ережені әзірлеу, оның құрамын бекіту жөніндегі рәсімдер басталды. Бүгін, 19 тамызда тиісті қаулыға қала басшысы қол қойды.

Енді Алматы қаласы әкімдігі Кеңестің 23 адамнан аспайтын құрамын бекітеді. Сондай-ақ оның функциясы, өкілеттігі, құрылымы мен жұмыс тәртібі айқындалады. Қала құрылысы кеңесінің құрамына сәулет, қала құрылысы, урбанистика, көлік, инклюзия, экология, креативті экономика, әлеуметтану, экономика және өзге де салалардағы сарапшылар енеді. Сонымен қатар қаралатын мәселелердің ерекшелігіне байланысты Кеңес отырыстарына өзге де сарапшылар шақырылып отырады.

Алматының Қала құрылысы кеңесі іске асыруға ұсынылатын жобалар бойынша шешімдерді ашық талқылау және қабылдау үшін консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

Қала құрылысы кеңесінің негізгі функциялары:

- қала аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында шешімдер қабылдау кезінде мемлекеттік саясатты іске асыруда жергілікті атқарушы органдарға жәрдемдесу;

- тұрғын үй, қоғамдық, коммуналдық-өндірістік және өнеркәсіптік кешендердің эскиздік және жұмыс жобалары, қоғамдық аумақтарды, саябақтарды, скверлерді, бақтарды, бульварларды, арнайы аймақтарды қайта құру жобалары, әртүрлі мақсаттағы жеке ғимараттар, инженерлік және көліктік инфрақұрылым желілері мен құрылыстары, өнер объектілері, тарих, сәулет мәдениеті ескерткіштері бойынша ұсынымдарды қарау және әзірлеу;

- әл-Фараби даңғылынан жоғары қала құрылысы және жалпы құрылыс жобаларын қарау;

- мәдени мақсаттағы объектілерді салу, реконструкциялау және жөндеу жөніндегі жобаларды қарау;

- тұрғын үй қорын реновациялау бойынша жобаларды қарау.


Соңғы жаңалықтар